Мүфтият жаназа оқылатын нақты орынды бекітуі қажет

0
383

Марқұмды ақтық сапарға шығарып салуды жүйелеу қажет. Осыдан бірнеше жыл бұрын жер-жерде қайтыс болған адамға құран оқыту кезінде аста-төк дастарқан жаю сәнге айналып еді.

Халық бір-бірімен атан жарысқа түскендей асып түсуге тырысатын. Тіпті, тойдан кем түспейтін.

Кейінірек Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы жерлеу рәсіміне қатысты арнайы ереже қабылдап, өлік шығатын үйден түтін шықпасын, тамақ пісірілмесін деген тыйымды насихаттай бастады.

Дұрыс болды. Ілеуде біреу болмаса, жаназа шығарылған күні үйінде құдайы тамақ бермейтін болды.

Енді муфтият жаназа оқылатын нақты орынды бекітуі қажет. Гәп — мынада. Кейінгі кезде елге танылған тұлғаларды театрдан шығару рәсімі көбейіп келеді.

Бұл коммунистерден қалған жаман дәстүр. Осы жалғаса берсе, көрінген адам бақиға аттанған туысын сондай жерден шығаруға ұмтылмасына кім кепіл?

Өткенде театрда ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өткізілмеді деп шу шықты. Соған қарағанда жаназаға қатысты дау әлден басталып кеткен секілді.

Ертең театр, кітапхана, жазушылар үйі не басқа да қоғамдық орындар жаназа оқитын жерге айналып кетпей ме? Қазір, шүкір, кітап жазатын адамдар жетерлік.

Олардың ұрпағы ертең менің ата-бабам да атақты, оны театрда немесе кітапхана дәлізінде жаназа оқып шығарсын деп шу шығармасына ешкім кепілдік бере алмайды.

Өздеріңіз білесіздер, кейбіреулер қарапайым қызмет істеген әке-шешесіне көше атауын қойғысы келеді. Бұл талай мәрте айтылды да, жазылды да. Тура сол жағдай жаназа төңірегінде де қайталануы мүмкін.

Сондықтан театр не басқа да қоғамдық орындарға марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға түбегейлі тыйым салу керек. Жаназа намазы үйде немесе сол ауданның мешіт ауласында оқылуы қажет.

Ал театр, концерттік залдар көңіл көтеру үшін баратын жерлер. Ондай жерден өлік шығару ақылға қонымсыз. Діни басқарма осыларды ескеріп, жаназаға қатысты нақты ереже бекітуі тиіс.

Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото интернеттен алынды.