«Мұғалім — сауатсыз» дегенше, министр білім бағдарламасын, жүйесін реттесін!

0
1432

Оқулықта сын есім, бағдарламада сан есім: қайсысы дұрыс? Білім берудегі сәйкессіздіктер қашан жойылады?

Білім беру жүйесіндегі басты мақсат – сапалы әрі жүйелі білім беру.

Дегенмен, кейде мұғалімдер қарама-қайшы нұсқаулықтардың ортасында қалып, сабақты қалай өткізу керектігін өздері шешуге мәжбүр болады.

Мұндай жағдайдың бір мысалы – оқулық пен үлгілік оқу бағдарламасы арасындағы айырмашылықтар.

Қазіргі таңда 5-сынып оқушылары «Көлік және жол белгілері» бөлімін өтіп жатыр. Оқулықта осы бөлімге байланысты тілдік бағдар ретінде «сын есім» тақырыбы берілген.

Алайда, үлгілік оқу бағдарламасында дәл осы бөлімге «сан есім» қарастырылған. Бұл сәйкессіздік мұғалімдерге үлкен қиындық туғызады: қайсысын басшылыққа алу керек?

Мұғалімдер үшін сапалы білім маңызды ма әлде құжат па?

Мұғалімдер үшін ең басты міндет – оқушыларға нақты, түсінікті білім беру. Алайда, білім беру саласындағы бюрократиялық талаптар кейде осы мақсатқа жетуге кедергі келтіреді.

Егер мұғалім оқулықты негізге алса, онда оқушыларға сын есімді түсіндіреді. Бірақ мониторинг тобы қадағалайтын негізгі құжат – үлгілік оқу бағдарламасы. Ал онда сан есім көрсетілген.

Бұл жағдайда мұғалімнің алдында екі жол бар:

  1. ҚМЖ-ға сан есімді енгізіп, бірақ оқушылармен сын есімді өтуді жалғастыру. Бұл әдіс – формальды талаптарды орындау үшін қолданылатын амал.
  2. ҚМЖ-ға шынайы оқытылатын тақырыпты (сын есім) енгізіп, бірақ мониторинг кезінде сұрақтарға дайын болу.

Қай жолды таңдаса да, мұғалім қағазбастылық пен бюрократияның құрсауында қалып отыр. Мұндай жағдайда мұғалім оқушыға білім берумен айналыса ма, әлде тексеру комиссиясын қанағаттандыруға тырыса ма?

Мониторинг тобы неге мән беруі керек?

Білім беру сапасын бақылау өте маңызды, бірақ ол білім сапасын арттыруға бағытталуы керек. Егер мониторинг тобы тек құжаттағы сәйкестікті ғана тексерсе, онда бұл жүйенің шынайы білім беруге емес, қағаз жүзіндегі есептерге жұмыс істейтінін көрсетеді.

Мұғалімдердің басты міндеті – оқушыға білім беру болса, мониторинг тобының мақсаты осы процестің дұрыс жүріп жатқанына көз жеткізу болуы керек.

  • Оқулық пен үлгілік оқу бағдарламасы арасында үйлесімділік болмаса, сапа да құлдырайды.

Мұғалімдердің оқулық пен үлгілік оқу бағдарламасы арасындағы қайшылықтарға жиі тап болатыны — мұғалімдерді шаршатып та, ашындырады да.

Күйзеліске түсіп кетпей, сабыр сақтап, жыртығын жамап, тігісін тегістеп, білім алушыларға сапалы білім беріп жүрген мұғалімдерге мың алғыс.

Ғани Бейсембаев мырза, қазақ тілі мұғалімдерін сауатсыз дегеніңізге жол болсын, әуелі нормативтік құжаттарды түзесеңізші. Жаңа, түзетілген оқулықтар мен бағдарламаны күтіп екі көзіміз төрт болып жүр.

Күнделік кз-те жүктелген ҚМЖ тексеруші мониторинг тобы (министрліктегілер, білім басқармалары, т.б.) орталарыңызда жаңартылған оқу мазмұндарымен жазылған бағдарламамен, оқулықтармен

5 жыл мектепте жұмыс істеп көрмесеңіздер, тексерудің де шынайы болуы шамалы. Ең бастысы – құжаттардың дұрыс рәсімделуі десеңіздер, шынайы оқыту процесі екінші орында қалып қоюы әбден мүмкін.

Ешқандай нормативті құжатта қмж-ны күнделік кз жүктеу керектігі көрсетілмесе де, мектептің мониторингін артқа тартпас үшін жүктеп отырмын.

Оқу бағдарламасындағы Әдеби тіл нормалары: «5.4.4.4 сан есімнің мағыналық түрлерін ажырата білу, сан есімді зат есім орнына қолдана білу» оқулықтағы «Көлік және жол белгілері» бөліміне сәйкес келмейді. Бұл бөлімде барлық тапсырмалар да сын есімге байланысты!

Тереңдеп талдасақ, оқу бағдарламасына сүйенбей жазылғын оқулық, оны сараптамадан өткізгендер…

Әріптестер, аман болайық.

Құрметпен, Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі

Ақмарал Шатемірқызы

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін.