Мұғалімдер аттестациядан неге қорқады?

0
1795

Елімізде педагогтер аттестациясына байланысты сын жиі айтылады. Әсіресе, оның өткізу механизміне, талаптарына байланысты қарсылық көп.

Тіпті кейбір әріптесіміз орынсыз пікір білдіріп, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» өткісі келеді. Бұл, әрине, мүмкін емес. Қазақстан сияқты өзге мемлекеттерде педагогтердің біліктілік санаты үшін қойылатын бірқатар критерийлер бар.

Финляндияда барлық мұғалім магистр дәрежесін алуы керек. Ал мектепке жұмысқа тұрарда қатаң іріктеу процессі өткізіледі. Біздегідей тест тапсырып, конкурс комиссиясымен сұхбаттасып, қабылдана алмайды.

Әрине елімізде әр мектеп әртүрлі талап қояры анық. Сонымен қатар, кәсіби даму тренингтеріне, семинарларға және курстарға қатысуы керек. Ол жақтың мұғалімдері «зейнетке шығуыма 5 жыл қалды тәжірибем 30 жыл, неге оқуым керек?» деп айтпайды екен. Бұдан басқа бір құлаш ережелер, міндеттемелер бар.

Сингапурдың педагогтерге қоятын талаптары Финляндияға ұқсас. Мұғалім болу үшін кандидаттар мұқият іріктеледі. Академиялық көрсеткіш, психометриялық тест, қабілеті мен дағдылары т.с.с. ескеріледі.

Біліктілігін растайтын кезде зерттеу жобаларына қатысуы, технологиялық құзыреттілігі, қоғамдық қызметке араласуы, ұдайы кәсіби дамуы, жоғары оқу жетістіктері, менторлық сынды өлшемшарттар қойылған.

Оңтүстік Кореяның педагогтері үшін де аттестациядан өту оңай емес. Әуелі пәндік білімі жазбаша және ауызша емтихандар арқылы тексеріледі.

Сабақ беру әдістерін де зерделеп, ҚМЖ-ны тиімді құрастыра ала ма, жоқ па деп, оны да қарайды. Әріптестерімен, ата-аналармен қарым қатынасы, онлайн платформаларды қолдана білуі, қашықтан оқу және e-learning әдістерін меңгеруі керек екен. Курстар мен семинарларға қатысуы да – негізгі талап.

Білім саласында көшбасшы елдердің барлығы педагогтерді жұмысқа қабылдаудан бастап, біліктілік санатын көтеруде қатаң талаптар қояды. Германия, Жапония, АҚШ-ты да осы қатарға қоса аламыз.

Әлеуметтік желіде кей мұғалімнің ғылыми жобамен магистрлер айналысып, курсқа жас мамандар барсын, семинарға білігі төмендер қатыссын дейтін уәжі ақылға сыйымсыз. Бұл – өзін дамытуға ұмтылмай, кабинет кіріп-шықсам дейтін адамның пікірі.

Елімізде қазіргі аттестация жүйесінде, мүмкін, шикілік бар шығар. Бірақ, мұғалімнің білім сапасы, оқушы жетістігі, курстар мен семинарларға тұрақты қатысуы, баспасөзге мақала жариялауы, әдістемелік құрал жаза білуі, өткізген сабағының зерттелуі – міндетті.

Әйтпесе, жеңілдеткен сайын, керіле түсетіндер көп. Керілу құлдырауға, құлдырау жоғалуға апарады.

Марат ҚАНИ, қоғам белсендісі.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.