“Мұғалімдерді қорғайтын уақыт келді!” деді депутат

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров ұстаздарды қорғап арнайы жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
“Назарбаев зияткерлік мектебіндегі” жағдай жалпы қоғамдағы ұстаздарға қатысты мәселенің терең екендігін көрсетті.
Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық- ұлы құрмет Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» деген асыл сөзін ұмытпауымыз керек.
Ал сол ұстаздың қадір-қасиетін біліп жүрміз бе?
Мен ұстаздар жанұясында өстім, әкем де шешем де мұғалім, бүкіл туған-туыстарым педагогтар.
Әкем 40 жыл мектеп директоры болды.
Сол кездегі бүкіл ауыл келіп ақыл-кеңес сұрап жүретін. Бір адамның өтінішін орындамаған кезі болмады.
Басқа бір адамдардың балаларына көмектесіп,”обал болады” деп, соларды оқуға түсіруге әлек болып жүретін.
Бүгінде біз ұстаз деген ұғымның мәнін жоғалтып алған тәріздіміз.
Мектепте қандай да бір проблема шықса, “мұғәлім кінәлі”, балалардың үлгірімі болмаса “мұғалім кінәлі”.
Ата-аналар да балаларының барлық кемшіліктеріне мұғалімдерді кінәлауға үйреніп алған тәрізді.
Ал балаға тәрбие беретін ең бірінші ата-ана ғой!
Сол мұғәлімдердің мойынына ерекше ауыр жүк көтертіп қойған жоқпыз ба?
Менің ойымша, мұғалімдерді қорғайтын уақыт жетті.
Олардың білім деңгейі, квалификациясы, оқу беру методикасы қатаң бақылауда болуы керек!
Ол сөз жоқ аксиома!
Бірақ, оларды тәрбиесіз, бетсіз кеткен адамдардан қорғау керек!
Өйткені, мұғалім ұлттың болашағына жауап беретін тұлға!
Олардың рухын сындыруға болмайды!
Рухы сынған рухты ұрпаққа білім бере алмайды.
“Біреудің мінін іздегенше, өзіңмен алыс өлгенше”.
Бұл Шәкәрімнің сөзі.
Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген.
Егер де бала мұғалімге қарсы шығып, балағаттаса, ол бетімен кетті деген сөз.
Ол бүгін мұғалімді балағаттаса, ертең қандай бетсіздікке баратыны бір құдайдың өзі біледі.
Балаларымызды бетімен кетіре беретін болсақ, біздің ұлт терінде болашағымыз бұлыңғыр.
Мәңгүрт ертең ата-анасына шабады.
Ол да тарихпен дәлелденген факт!” деп жазды депутат Ерлан САЙЫРОВ.
Фото интернеттен.