Мұғалімдерге ескі газеттерді сату — кімнің бизнесі?

Ұстаздар отыратын әлеуметтік желі топтарының бірінде газет-журнал мәселесіне қатысты жазба жарияланды деп жазады Democrat.kz.
Facebook желісіндегі Ustaz uni тобында Индира Омарбек атты желі қолданушы мұғалімдерді мерзімі өтіп кеткен, ескі газет-журналдарды сатып алуға мәжбүрлеп жатқанын айтып, дабыл қақты.
«Неге мұғалімдер бір жылдан бері таратылмай уақыты, яғни шығарылған күні өтіп кеткен, қалған, қалып кеткен газетттерді алуы керек? Көпке шашса, түкте емес қой, 200-500 болар дегендер бар.
Бірақ таратылмай қалған газеттерді қайта сату, ақша жасау( бір мектеп емес аудан бойынша) қылмыс емес пе?» деп жазды Индира Омарбек.
Мұғалімдерді мерзімді басылымға күштеп жаздыру мәселесі өз шешімін тауып, соңғы жылдары мұғалім өзі қаламаса, газет-журналға жазылмайтын үрдіс қалыптасқан сияқты еді.
Ал мына жазбаны оқып, еріксіз таңырқап отырмыз. Мерзімді емес, мерзімі өтіп кеткен газет-журналды сатып алуға мәжбүрлеу деген не масқара?
Ескі газеттерді сатып, қай пысықай қалтасын толтыруды көздеп отыр?
«Мұғалімдердің қорғанышы», «мұзжарғыш министр», «Қазақстанның келесі президенті» деп жұрт дәріптеген Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл мәселеге қатысты не айтар екен?
Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.
Фото көрнекілік үшін.