Мұғалімдерге тиесілі ақша қайда, министр мырза?

0
2192

Білім саласындағы жылда қайталанатын “жыр” биыл тағы басталды. Оқу жылы аяқталып, еңбек демалысына шыққан кей аймақтың мұғалімдері өзіне тиесілі ақшаларын ала алмай отыр.

Осы проблема жыл сайын қайталанады. Заң бойынша мұғалімдердің еңбек демалысына төленуге тиіс ақша демалыс басталғанға дейінгі үш күн ішінде төленуге тиіс. Алайда еліміздің кей аймақтарындағы ұстаздар жылда тиесілі ақшасын уақытында ала алмайды.

Осы мәселеге байланысты танымал ұстаз Айман Сағидулла арнайы сұрау салып: “Алматы Облысының Білім Басқармасы , Қарасай ауданы мұғалімдерге кезекті еңбек демалысының жалақысын беру үшін Республикада ақша жоқ екенін айтады.

Республиканың ақшасы қайда кетіп қалған? Басқа аудандар алды ғой. Неге Қарасайда ғана ақша жоқ?

Заң бойынша 3 күн бұрын берілуі керек жалақы әлі жоқ. Қарасай ауданы еңбек кодексін бұзып отыр.

Қарасай ауданы! Жауап беріңіздер!

Жалақымызды алу үшін міндетті түрде Алматы облысын белгілеп, жазуымыз керек пе?” деп жазды .

Бұл проблема тек Алматы облысы, Қарасай ауданында ғана емес, еліміздің басқа аймақтарында да орын алуы әдетке айналған. Бюджет ақшасын өз ақшасындай пайдалануды “кәсіби меңгерген” білім саласы пысықайларының бұл әрекетін неге екені белгісіз, құзырлы орган өкілдері де, Оқу ағарту министрлігі де назарға алмайтыны таңғалдырады.

Әлде “мұғалімнің еңбек демалысына тиесілі ақшаны жоғарыдағылар арнайы депозитте айналдырып, пайызынан пайда табады” деген болжам-сөздің рас болғаны ма? Егер рас болса, жылда көтерілетін осы проблеманы шешуге неге құзырлы орган өкілдері құлықсыз?

Неге Оқу ағарту министрлігі әр мұғалімнің уақытылы ақшасын алуына жағдай жасамайды? Әлде… интернет дамыған бұл заманда Оқу ағарту министрі, еліміздің бас ұстазы Ғани Бейсембаев өзі басқарып отырған саладағы бұл былықтан хабарсыз ба? Сіз бұған  сенесіз бе?

Әлия БОЛАТҚЫЗЫ,

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.