Мұғалімді өзгерткісі келеді, өздері өзгергісі келмейді

0
824

Жан-жақта дәстүрлі Тамыз кеңестері өтіп жатыр ғой, осыған байланысты өзімнің бес тиынымды қоса кетейін. Биылғы тамыз кеңесі тақырыбы: «Цифрлы Қазақстан, жаңа замандағы білім беру» екен. Осыған орай Аятжан Ахметжанұлы информатиканың жай-күйін сұраған екенсің, жауап беріп көрейін.

Мұғалімдер мен мектептерді «цифрлық трансформацияға» ауыстырғысы келетіндер өздері ауысқысы келмейді. Біріншіден әлі бітпейтін қағаздың жыры бар. Екіншіден информатика оқулықтары баяғыда ескіріп қалған.

Шыққаннан кейін бір айдан соң ескіреді? Неге? Себебі ғылым-білім бір орында тұрмайды. Кітапта жазылған бағдарламалар бүгінге дейін 1000 рет жаңартылып тастаған.

Оқушыға: «Кітап ескіргені, бағдарлама жаңарғаны туралы» түсіндіріп отыруға тура келеді. Мысалы 11 сыныпта электронды үкіметті оқытқанда электронды кілтпен қалай жұмыс істеу керек екенін үйретесің.

Қазір кілт біреу ғана, өзгеріп кетті. Сосын Scrath бағдарламасының интерфейсі тура кітаптағыдай емес, басқаша жаңарып кеткен. Осы сияқты мысалдарды көптеп келтіруге болады. Информатика оқулығы жыл сайын жаңарып отыруы тиіс. Тек электронды форматта шығарып отырғаны дұрыс. Көп шығынды қажет етпейді. Айтпақшы Аятжан, баспаханалар талап жүрмесін.

Екінші тағы бір мәселе мектептердің көбінде компьютер паркінің ескіруі. Робот, ардуино сияқты құралдардың болмауы формалды оқытудан әрі аса қоймайды. Бұлттық технологияларды пайдалану тиімдірек, интернеттің шамасы жетсе. Ауыл мектептеріне старлинк беріп жатыр ғой, көреміз.

Заман талабына сай онлайн сабақтар түсіретін арнайы студиясы болса деп қоясың, кәмпөтірінің түрі анау болса қайдағы студия деп арманнан біржола қол үзесің.

Жұмыс мандымаған соң ең мықты лоптоптан кредитке біреуін алдық, қарап отыратын емес…

Ендігі бір мәселе жасанды интелект. Біз президент айтса болды тікелей түгел тықпалай жөнелеміз ғой. Оны туралап мектепке кесіп беру деген түсінік жоқ. Рас біраз көмектері бар, бірақ кері әсері де бар.

Ештеңені ойламайсың, қиялыңды жазасың да отыра бересің. Сіз үшін жасанды интеллект бәрін жасайды. Олимпиада есептерінен бастап түгел шығарады. Тіпті жасанды интеллекттің өзімен жасанды интеллект жазып шығуға болады.

Мұғалімдерге ҚМЖ да жазып бере бастапты. Рахат иә?

Осы заман талабы мен озық технологияға ілесу үшін министрліктің талай бұйрықтары мен шектеулерін өзгерту керек шығар. Бір қызығы мұғалімдерді өзгерткісі келетіндер өздері өзгергісі келмейді…

Мейіржан ТЕМІРБЕК, білікті ұстаз.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.