“Мұғалімді сауын сиырға айналдыруды қою керек” дейді журналист

Әлеуметтік желілерде мұғалімдерге мәжбүрлеп билет алғызу мәселесіне қатысты тағы бір ақпарат шықты деп жазады Democrat.kz.
Бірер күн бұрын депутат Дәулет Мұқаев мұғалімдерге “Алатау серілері” тобының концертіне күштеп билет алғызып жатқаны туралы жазып еді.
Дәл осыған ұқсас жағдай енді әнші Айгүл Құспанованың концертіне қатысты да болыпты.
Бұл туралы өзінің парақшасында журналист Диас Нұрақын “Сайлау сайын жексұрын болатын мұғалімдер сауын сиырға айналған екен. Саяси науқаннан бөлек, сахна жұлдыздарының концерті де ұстаздардың мойнына жүктеліпті.
Кешегі “Алатау серілерінің” ән кешіне күштеп билет алғызады деген тақырыптың тиегі тарқатылды. Сөйтсек серілер ғана емес мұғалімдерді барлық концертке билет сатуға мәжбүрлейді екен.
Мәселен, 9-сәуір күні Алматыда Айгүл Қосанованың жеке концерті болған. Соған қаладағы әр мектепке билет бөлінген көрінеді. Бағасы бес мың теңгеден.
Оны директор мұғалімдерге міндеттеген. Ал, мұғалім ата-аналарға салмақ салады. Осы тізбекпен танитын-танымайтын әншілердің шығармашылық кеші “аншлагпен” өтіп жатыр. Ата-аналар ай сайын әйтеуір бір әншінің концертіне амалсыз билет аламыз деп безек қағуда.
Демек Алматының білім бөлімінде отырған біреу бүкіл әншінің концертмейстері болып алған. Қызметін пайдаланып мектептерді билет алуға мәжбүрлейді.
Өзі ортадан процентін ұстап, шылқып отыруы бек мүмкін. Немесе министрлердің тойында тегін ән айтатын әншілер, концерт кезінде билет сатуға көмектесіңіз деп өтініш айтатын сияқты. Былайша айтқанда бартер.
Ғани Бейсембаев, “Мұғалімдер мәртебесі” деген заң қайда қалды? Ұстаздарды қашанғы от пен суға сала бересіздер? Мықты әншінің концертіне жұрт онсыз да барады. Мәселен Джей Лоға жұрт билет таппай жүр. Нарық заңын қолдан реттеуді қою керек қой?!” деп жазды.
Фото автордың парақшасынан алынды.