Мұғалімдік жұмысын хиджаб үшін тастамақ
ТикТок әлеуметтік желісінде ainarkin атты желі қолданушы қысқаша бір сұхбат жариялады деп жазады Democrat.kz.
Кімнің кімнен сұхбат алып отырғаны белгісіз. Түсінгеніміз сұхбат беруші қыз мектепте мұғалім болып жұмыс істейді.
«Орамал таққым келеді. Хиджаб кигім келеді. Бірақ кисем, автоматты түрде жұмыстан шығарылам. Өйткені мен мұғаліммін ғой. Мектепте мұғалім түгілі, оқушыларға хиджаб кигізбейді. Өзіме мынадай мақсат қойып отырмын, Алла бұйыртып, қажылыққа Меккеге барып жатсам, жұмыс па, басқа ма, автоматты түрде сол жақтан орамал тағып келем де, орамалымды шешпей, сонымен жүрем», — дейді мұғалім апай.
Осы видео астына жазылған пікірлерді де бір қарап шығуды ұмытпадық. Біреулер «ұзын етек көйлек киіп, ақ орамал тақсаң, саған ешкім сөйлемес», «мектеп — медресе емес», «Ауғанстан емес бұл жер» десе, енді біреулер «жекеменшік мектепке бар, ол жақта қысым жоқ», «менің қызым да хиджаб кигізбегені үшін жұмыстан шығып кетті», «мені хиджабым үшін ешкім жұмысқа алмайды» деген сыңайда пікір жазуда.
Фото видеодан скринделіп алынды.