Мұхтар Мағауин: «Қазақ деген — мен, Қазақстан деген — мен»

0
170

Белгілі тележурналист Жанар Байсеміз жазушы Мұхтар Мағауиннің соңғы сұхбатын жариялады. Онда қаламгер елден кетуінің себептерін ашық айтты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

«Кетпеске болмады. «Жұлдыз» деген журналда отырдым, мен ол журналға Олжас Сүлейменовтің қолдауымен 1988 жылы өтіп едім. Мені ұзақ отырғызған жоқ, өйткені біз барлық уақытта ұлттық мәселелерді көтердік. Кеңес үкіметі құлағаннан кейін мені одан бетер жек көретін болды. Жұмыс жасатпайды, бірақ мен ешкімді тыңдаған жоқпын. Бізде бәрі басқаша болды, мысалы үшін біздің қызметкерлер жұмысқа сағат 13:00-де келеді. Жазушылар Одағына қарасты деп есептелетін едік. Оны тыңдай бермейміз. Бір күні Жазушылар одағының басшысы қоңырау шалып: «Жұрттар сіздерді жұмысқа уақытылы келмейді деп айтып жатыр» дейді. Мен сен Мәскеудегі журнал қызметкерлерінің қалай жұмыс істейтінін білесің ғой, бес күн жұмыста отырмайды. Аптасына бір-екі күн ғана келеді. Неге біз қазақ олай отырмауымыз керек?» дедім. Сонымен ұлт мәселесін көтеріп жаттық, жүйелі науқан басталды. Апта сайын мені жамандаған мақала басылады. Бір күні бес-алты мақала қатар шыққан кез болды, оның ешқайсысын елегеміз жоқ. Ақыры 2006 жылдың қараша айында мені журналдан кетірді, мен өзім дайындалып жүргенмін, портфелімді алып кете бердім. Бірақ журналды қимай жүргенмін», — деп пікір білдірді ол.

Елдегі жала жабулардан кейін жазушы Еуропада жұмыс істеп жатқан ұлы Едіге Мағауиннің қолына көшіп барып, жазушылықпен түбегейлі айналысып бастаған.

«Ұлым Прагадағы «Азаттық радиосында» жұмыс істейтін, мені Еуропаға шақырып жүрген. Қимайтын не бар, шетелге келдім. Едіге 1995 жылы келді, біз оған келіп, айлап жатып кететінбіз. Келгеннен кейін барып алты күн демалдым, жетінші күні әңгіме жазуға отырдым. Ол әңгімені жазып біттім де, «Жармақ» деген романды жазуға отырдым. Бақ деген сол, оның алдында жазған нәрселерім өзім редактор болып отырған соң шықты. «Тесікбас» деген романым, «Қыпшақ аруы» деген романым өзім отырған соң ғана басылды, басқа біреу болса жібермес еді», — деді жазушы.

Сұхбат барысында журналист жазушыдан: «Елді сағындыңыз ба?» деп сұраған.

«Елге деген сағыныш болған жоқ. Өйткені мен айтатынымды айттым, шығаратынымды шығарып болдым. Қазақ деген — мен, Қазақстан деген менмін. Бәрі менің жүрегімде, басымда. Ешқашанда сағынып көрмедім. Мында толық еркіндік, ешкім мені тоқтатпайды, анау-мынау әңгімеден тысқарысың. Чехияда тұрдық, жыл сайын жылқы сойып отырдық. Мұнда да соғым соямыз. Қымыз жоқ, басқаның бәрі бар».