Мұнайшылардың бұл жолғы ереуілі — шектен шығып кетпеді ме?

0
118

«Ауру қалса да әдет қалмайды» дейді қазекем. Дәл айтқан. Мысалы, қазір Жаңаөзендегі мұнай компаниясының жұмысшылары тағы да ереуілдетіп жатыр.

Бірақ бұл жолғыларын құптай алмадық. Тым шектен шығу. Басқа өңір тұрғындары жетісіп отырғандай, жергілікті жұрт әдеттегідей қосымша жеңілдіктер талап етуге кіріскен.

Олар басқа талаптармен қатар, балалары мен туыстарының «Өзенмұнайгазға» жұмысқа орналасуын қалайды. Білуімізше, қазір «Өзенмұнайгазда» ең жақсы жағдай, ең жоғары жалақы және әлеуметтік пакет бар.

Алайда қазір ереуілшілер арандатушылыққа тап болып, қазақы түсінікпен айтқанда, «Өзенмұнайгаз» бас директорының «ит терісін басына қаптаған».

Компания басшылығы қазір шамаларының жеткенінше бұрғылау жұмыстары басқармасы қызметкерлерін арандатушылық мәлімдемелер мен әрекеттерсіз, сабырлы болуға және сындарлы диалог орнатуға шақырып отыр.

Иә, «Сабыр түбі – сары алтын» демекші, мына жағдайда қызуқындылыққа ерік берген топтың осы ұстаным аясына тоғысқаны жөн-ақ.

Бейнежазбада көрсетілген оқиға басталмас бұрын бұрғылау жұмыстары басқармасының жұмысшылары инженерлік-технологиялық қызметкерлердің кеңселеріне басып кіріп, өзге әріптестерінен рұқсат етілмеген акцияға қосылуды талап еткен.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде ӨМГ басшылығымен болған әңгіменің үзіп-жұлған, жартылай видеолары таратылып жатыр.

Сол себепті кеше «Өзенмұнайгаздағы» жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасалды. Соған сүйенсек, «ҚазМұнайГаз» Жаңаөзендегі жағдайды жіті қадағалап, бұған дейін «Өзенмұнайгаз» кәсіпорны өндірістік-құрылымдық бөлімшесінің жұмысшылар бөлімі өкілдерінің әр өтініші бойынша егжей-тегжейлі түсінік берген.

Айта кетсек, алғашқы күндері рұқсат етілмеген митингке 1 700 адам қатысты. Түсіндіру әңгімелерінен кейін олардың көбі жұмысқа қайта оралды.

Алайда қазір әлі 281 жұмысшы сенімсіз ақпаратқа сүйеніп, басшылыққа өздерінше талаптар қойып, ауысымға шығудан бас тартып отыр. Неге? Түсініксіз. Әйтпесе, ұжымдық шартта соларды әлеуметтік қолдаудың 40-тан аса түрі қарастырылған.

Олар:

мемлекеттік, ұлттық және кәсіби мерекелерге арналған сыйақы;

баспана сатып алу мен кеңейтуге жеңілдікпен несие беру;

медициналық қызмет көрсету;

жыл сайын шипажайларға 2 500 жолдама;

ӨМГ қызметкерлерінің шамамен 4 500 баласы балалар-сауықтыру лагеріне жіберіледі;

ай сайын балабақша ақысы өтеледі;

жұмысшы балаларының оқу үлгеріміне қарай жоғары оқу орындарында оқыту үшін қаражат көзделген.

Осының бәрі ай сайынғы төлемдермен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ үйлену және т.б. үшін жеңілдіктер бар. Ал осының қайсысы тақияға тар келіп отыр енді?

Міне, қазір «Өзенмұнайгаз» өндірістік жоспардан артта қалды. Әрине, мұндайда мақсаттарды орындамау кәсіпорынның қаржылық жағдайына әсер етеді.

Осыған орай, бұрғылау жұмыстары басқармасының жұмысшыларын жұмысқа шығару талап етіліп отыр. Сондай-ақ ел заңдарын сақтау қажеттігі ескертілді.

Бір қызығы, қазір чаттарды Жаңаөзендегі ереуілшілердің алдына барған «ӨзенМұнайГаз» АҚ бас директоры Жанболат Саймағамбетовтің «былапыт сөз айтқаны» шарлап жүр. Бірақ бүгінде жұрттың көзі – ашық, көкірегі – ояу.

Ондай арандатушылықтан әбден мезі болғанымыз рас. Неге десеңіз, ұзақ видеоның ішінен шөкімдей бір сөзді «көзір» ретінде ұстап алу оңай. Тек сол төңіректе қоғамдық пікір қалыптастыра салып, кез келген адамның деңгей-дәрежесін табан астына таптау – бір пәсте.

Бірақ ондай арандатушылыққа қатысты да арнаулы заң бар. Сондықтан қазір технология дамыған, жұрттың көзі ашық заманда біреуді зор, екіншісін қор қылуға тырысудың қажеті шамалы.

Әйтпесе, Жанболат Саймағамбетов дегеніңіз – Жаңаөзеннің байырғы тұрғыны. Жасынан сондағы өндіріске араласып, ӨМГ бас директоры қызметіне дейін табан ақы, маңдай терімен жеткен кәсіби маман еді ғой?..

Қорыта айтқанда, бұл – өңірдегі бірінші дау-дамай емес. Тіпті, жергілікті жұмысшылардың соған әбден еті үйреніп кеткендей.

Мұндайда қит етсе көшеге жинала қоюға емес, басшылықпен қалайда кеңсе ішінде, тып-тыныш ашық диалогқа келуге тырысқан жөн болар. Қазір талапты далада айқайлап тұрып айту заманы келмеске кеткен ғой. Сабыр сақтайық, ағайын!

Еркеғали БЕЙСЕНОВ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.