«Мұны мұсылманға тән мінез дей аламыз ба?» дейді ҚМБД өкілі

0
258

 “Кешегі мүфтият мәлімдемесін әлеуметтік желіде әркім әртүрлі «тәпсірлеп» жатыр екен” деп жазды ҚМБД баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбай әлеуметтік желіде. Мешітте болған оқиғаға қатысты өз ойын білдірген ҚМБД өкілі кейбір сындарға да жауап берді.

«Намаз үстінде соққы алған адамға әділетсіздік жасап, ұрған жігітті ақтап алыпсыңдар» деген сыңайда уәж айтып жатқандар да бар екен. Өз ойымды қоса кетейін.

Біріншіден, мешіт – Алланың үйі. Құлшылық ордасында біреуге қол жұмсау былай тұрсын дауыс көтеріп сөйлеуге болмайды. Басқа-басқа намаз үстінде жаныңдағы адамға жұдырық ала жүгіру – шектен шығу, ақтап алуға келмейтін іс.

Эмоциямыздың жетегіне ере берсек «мұсылман» деген атымызды қайда қоямыз? Біреуге зиян тигізген кісі бұл өмірде адам заңының алдында, о дүниеде Құдайдың алдында жауап береді. Мұны ұмытпайық!

Екіншіден, мешіт – көпшілік орын. Көпшілік орында тәртіпке бағыну – бәріне ортақ іс. Тәртіпке бағынған құл болмайды! Кез келген мекеменің ішкі ережесі болады. Мешіттің де мүфият қабылдаған ережесі бар. Мешітте тек Әбу Ханифа мәзһабы бойынша намаз оқылады.

Имамдар әр намаз алдында жамағатқа «әмин» дұғасын іштей айтуды өтінеді. Өкінішке қарай діни ұстанымы бөлек азаматтар бұл өтінішке құлақ аспайды. Керісінше жасайды.

Мешіт – ұнамсыз мінезімізді көрсететін орын емес. Құдайдан қорқатын адам Оның үйінде әсте жанжал, бүлік шығармауы тиіс! Сөздің тоқетері осы…» деп жазды Ағабек Қонарбай.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.