“Мына завучты мектептен, балаларымыздан алыстатыңызшы, министр мырза!” дейді ауыл тұрғындары

0
4640

Редакциямызға арнайы хабарласқан Түркістан облысы, Шардара ауданы, Сүткент ауылының тұрғындары мектептерінде болып жатқан масқара жағдай туралы баяндап хабарлады деп жазады Democrat.kz.

Аядай ауылдың Т.Тәжібаев атындағы мектебінің оқу-ісі жөніндегі директордың орынбасары Гүлмира Үзденова бейәдеп сөздері мен әдепсіз қылықтарымен халықты шулатып жатыр екен.

Редакциямызға жолдаған арыздарында ауыл тұрғындары төмендегі жағдайды баяндапты.

“Біздің арыз беру себебіміз. Түркістан облысы, Шардара ауданы, Сүткент ауылдық округіннің тұрғындары, аталмыш ауылдағы Т. Тәжібаев атындағы жалпы орта мектебіндегі орын алып жатқан жағдайға байланысты.

Осы мектептің директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Узденованың бейәдеп, бейауыз сөздерін естіп, ұстаздық этикаға сәйкес келмейтін іс-әрекеттеріне байланысты, біздің елдің ертеңі, болашақ ел тіректері ұл~қыздарымызды мектепке жібергіміз келмей отыр.

Біз оның оғаш, бейәдеп сөздер айтатынын бұған дейін де еститінбіз, өйткені алақандай ауылда әрбір адамның әрекеті көзге ұрып тұрады.

11.04.2025 жылы ауыл чатында Үзденованың  Жанка есімді ауыл тұрғынына жіберген аудиожазбалары тарап кетті. Ол өзара кикілжіңге қатысты болса да, анайы сөздері, өзін-өзі ұстауы адами болмысына, ұстаздық этикаға мүлдем жат екенін ешкім теріске шығара алмайды деп ойлаймыз.

Мынадай былапыт сөзді ауылда еркек адамның өзі абайлап айтса керек. Тәлім тәрбиеден жұрдай мұндай адам Ұстаз деген Ұлы есімді иемденуге, басшылық қызмет атқаруға қаншалықты лайықты?!

Ауыл чатына таралғаннан кейін ауыл тұрғындары дүрліге көтерілді. Әрбір істі ақсақалдармен ақылдасып шешетіндіктен, бір топ тұрғын Ауыл биіне жүгіндік.

Ауыл биі аудандық білім бөліміне мәселені жеткізгенімен, ондағыдар Үзденованың емес, біздің аузымызды жапқысы келетін сияқты.

Ауыл биі мен ауыл тұрғындары бірауыздан Г. Үзденованы бұл қызметтен босатылуын талап етеміз!

Бұл жала емес, жанайқай!

Ұл-қыздарымызды мұндай ұстаздың тәрбиесіне беруге қарсымыз.

Сізден осы мәселені ҚР Оқу-Ағарту министрлінің назарына жеткізуді сұраймыз!!!

Бұл жерде арыз жазып отырғандардың көпшілігі ауыл азаматтары. Сондықтан ұл-қыздарының болашағына алаңдаған ата-аналардың шырылына бейжай қарамасаңыздар екен” деп жазылған ауыл тұрғындарының арызында.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.