Мынадай еркекпен ертеңің қалай болмақ, қызым-ау?!

Әбден сүрленіп, жасы отыздан асқан бір інішек үйленейін деп жатыр екен. Жұмыстармен үйіне барып қалсам, үйіндегілер айтып қуанып жатыр. Бір жерге барып, роза гүлдің күлтелерін шашып тастап ұсыныс жасайды екен ғой қазір. Соған қызу дайындық жүріп жатыр байқасам.
-Келіннің суретін көрсетші — дедім, қызығушылығым ұстап кетіп.
-Міне. Инстадан суретін көрсетті.
— Бар суреті осы ақ па? Үш сурет қана тұрды.
-Жоқ, маған ұнамайтын суреттерін өшіргізіп тастадым.
-Жай ма сенікі? Үйленбей жатып, жеке шекарасына кіріп алыпсың.
— Үйленеміз ғой, мен шешем енді бәрін.
-Оның неше уақыттағы қымбат естеліктері шығар мүмкін. Олай етуге болмайды ғой. Әр адам жеке болмыс. Қалауына, ұнататын нәрселеріне құрметпен қарауға тиіссің.
— Иығын қиқаң еткізді.
Жанымызда әжесі отырған. «Атасына тартқан ғой, атасы қызғаншақ еді. Менің бүкіл суреттерімді жыртып тастаған» — деп қояды.
Ойбуй дедім ішімнен, оның дұрыс емес деудің орнына, қалыпты нәрседей қарап отыр ғой. Абьюзерлік осындайдан басталмай ма. Үйленбей жатып, суреттерін өшіргізсе, үйленген соң, қандай киім киіп, қандай тамақ ішетініне дейін шешейін деп тұр ғой.
Жарайды бұл ғой еркек. Ана қыздыкі не?
Айналайын, соғыстан аман келген жалғыз еркек сен болсаң да қоя салшы демей ме? Күйеуге тию, біреудің жеке меншігі болу емес қой. Қазірден еркіндігіне қол сұқтырса, кейін не болмақ?
Шынымды айтсам, әлі келін боп түспеген қызды аядым…
Гауһар ЖОЛМАХАНБЕТ, қоғам белсендісі.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.