Наурыз — ұлттық рухымызды күшейтіп, өшкенімізді жағатын мейрамға айналды

Байқайсыздар ма, біз кез келген дүниені бастап берсе, әрі қарай алып кететін жағдайға жетіп қалыппыз. Яғни құндылықтарымызды құрмет тұтып, болмысымызды бағамдай бастаппыз.
Наурыз мейрамын алып қарайық. Былтырға дейін әр өңір өз білгенінше тойлап келді, аса бірізділік жоқ еді. Қабылданған «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес, 2024 жылдан бері Ұлыстың ұлы күнін жаппай тойлатып жатырмыз.
Халыққа да керегі осы екен. Алматыда әз-Наурызды тойлауға шыққан мыңдаған адам көшеде Абайдың әндерін шырқап, Алатаудың баурайын ғажап халге түсіріп, әсем күйге бөледі. Тіпті ұлттық киім киген роботтардың өзі көпшіліктің көңілін көтеріп, әсерін күшейте түскендей.
Маңғыстау, тіпті, рекорд жасады. Бес мың адам Каспийдің жағасына жиналып, бір сәтте ұлттық киім киіп шықты. Иә, мұндай да рекорд болады! Гиннестің рекордтар кітабынан келген арнайы өкіл бәрін тіркеп, облысқа арнайы сертификат табыстапты. Бұйыртса, бұл нәтиже алдағы уақытта GWR басылымына шығып қалуға тиіс.
Астанада да ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Көшелерде адам көп. Орталық алаңда, «Қазақ елі» және «Бәйтерек» монументтері маңында, «Астана Арена» стадионы мен ЭКСПО алаңының аумағында мерекелік әндер шырқалып, қолөнер жәрмеңкелері ашылып, дәстүрлі тағамдар дайындалды. Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Кәдімгі мерекелік көңіл күй қатты сезілді. Көшедегі адамдардың жүздері де жайдары. Әлеуметтік желіден оқып қалдым, кімнің жазғаны нақты есімде емес, мағынасы былай: «Наурыз – ешкім ешкімге міндетті емес, ешкім ешкімді шақырмайтын, ешкім ешкімді жатырқамастан жаппай бәрі көңіл көтеретін мереке».
Шынында да, соған келе жатырмыз. Жұртшылық, көрші-қолаң, ағайын-туыс, дос-жаран биылғы мерекеге дән риза. Жылдан жылға мейрамды тойлау дәстүріміз бір ізге түсіп, қалыптасып келеді. Бастысы, Наурыз – халқымызды біріктіретін нағыз ұлттық мейрамға айналды.
Ұзағын сүйіндірсін!
Сәкен СЫБАНБАЙ, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.