Наурызбай қажы Қаңтар құрбандарының қаны төгілген залда VІР ауызашар береді

0
152

Ораза Бас мүфтидің «тиын сындыратын» «киелі» айы ма?

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы Өтпенов Алматыдағы «Қазақстан» қонақ үйінің BALLROOM салтанат залында бай-бағыландарға арнап ауызашар бермекші. Ауызашар 31 наурыздың кешінде болады. Наурызбай Өтпенов өз атынан жіберілген шақыру қағазына қарасақ, ауызашарға өңкей ығай мен сығай, ірі кәсіпкерлер мен қолында билігі бар «дәулер» шақырылыпты.

Қайғылы Қаңтар оқиғасы кезінде дәл осы «Қазақстан» қонақүйінің BALLROOM залын «Дикий Арман» өзінің штабы ретінде пайдаланды. Оның қандықол қарулы тобы көшеге шыққан бейбіт адамдарды ұстап әкеліп BALLROOM залында ұрып-соқты. «Дикий» Арман» қонақүйде отырып алып тұтқындап әкелінген шерушілердің шекесіне тапанша тақап қорқытқаны, тұтқындарды жабылып ұрғаны жөніндегі видео әлі интернет қойнауында жүр. BALLROOM залында оңбай таяқ жеген қаңтаршылардың бірі ауыр соққының салдарынан өлгені жөнінде мәлімет бар. Міне, Қаңтар оқиғасы құрбандарының нақақ қаны төгілген осы залда Бас мүфти Наурызбай қажы VІР ауызашар бермекші. Ауызашарға келген қонақтар қан сасыған қасіретті жерде қалай ғана дәті барып ас ішіп отырады?! Соны Бас мүфти ойлады ма?!

Бұл ауызашар мүфтият атынан емес, Наурызбай Өтпеновтің жеке өз атынан беріліп жатыр. Мұндай ауызашарға келген VІР қонақтар хадиясын Наурызбай Өтпеновке табыстап кететіні анық. Осындай «тиын сындыратын» ауызашарды қымбат қонақүйде өткізуге Наурызбай Өтпеновтің жалақысы жете ме? Әрине, жетпейді. Мүфтият ішінде жүрген құпия дереккөздің мәлімдеуінше, BALLROOM залында өтетін ауызашардың шығынын Алматы қаласындағы мешіт имамдары «көтеріп» алған. Наурызбай Өтпеновтің қалтасынан бір тиын шықпаған. Есесіне, VІР-хадияның бәрін сол алады, соның қалтасы томпаяды. Ал Алматы қаласындағы мешіт имамдары VІР ауызашар өткізуге қаржыны қайдан алды? Әрине, олар да қалтасынан бір тиын шығарған жоқ. Бұл қаржы — мешіттерге берілетін пітір-садақаның алғашқы жиынтығы, жағымпаз молдалар сол қаржыны Бас мүфтидің ауызашарына жұмсап жатыр. Осы әділдік пе?

Мүфтият биылға пітір-садақыны жан басына 535 теңге деп белгіледі. Қазақстанда 14 миллионнан астам адам өзін мұсылманмын деп санайды. Сонда пітір-садақаның өзінен-ақ биыл 7 млрд 500 млн теңге жиналады екен. Мұны 20 млн теңгеден 350 адамға бөліп беруге болады. Бұл цифр қанды Қаңтар оқиғасында қазақ тапқан және атыс-шабыс, ұрып-соғудан мүгедек болып қалған адам санына жақындайды. Құдай рахымды, әділетті… Құдайдың ризашылығы үшін биыл берілетін пітір-садақаны неге Қаңтар оқиғасынан зардап шекен отбасыларға таратып бермеске?! Әлде, орасан көп осы қаржыны мұндай қайырымдылықтан гөрі Бас мүфтидің пайдасын күйттейтін, оның хайп-жарнамасы жасайтын VІР ауызашарға жұмсаған дұрыс па? Молдалар осы жөн деген сыңайда отыр. Десе де, Қаңтар құрбандарының жанұя мүшелері де осы ауызашардан ауыз тиіп бір табақ тамақ жегені әділеттілікті сәл де болса қалпына келтіргендей етіп көңілді демдемей ме? Ол үшін Қаңтар оқиғасында «зардап шектім» деген әрбір адам 31 наурыздың кешінде «Қазақстан» қонақүйінде өтетін ауызашарға барғаны жөн… Эх, бірі кем дүние.

Ораз Әлімбеков