Неге ажырасу жағдайы күн санап көбеюде?

Елімізде үйленбей жатып ажырасатындар көбейіпті. Әділет министрлігі әрбір екінші неке бұзылып жатыр деп дабыл қағуда. Мәселен, былтыр 61 мың отбасы ойрандалған. Жастардың екіге айырылуына сезім-мезим емес әлеуметтік жағдай да әсер етуде.
Бүгін “Алматы жастары” туралы ақпарат жаздым. Соны оқыған бір танысым, ажырасқым келіп жүр дейді. Күйеуі екеуі 5-6 жыл бұрын пәтер алған екен. -Енді екі бөлмеге сыймай жатырмыз. Кеңейтейік десек ипотека пайызы қымбат. Сондықтан ажырасып, мүліктен бас тартып, “Алматы жастарына” өтініш берсем дейді. Егер өтіп кетсем акимат 20 млн береді, өз үйіміз 30 млнға өтеді, екеуін қосып 50 млнға үш бөлмелі пәтер аламыз деген арам ойымыз бар дейді. Бірақ ресми ажырасқанымызбен бірге тұра береміз ғой деп күлді.
Пәтер алудың бұл жолы көпшілікке жаңалық емес. Күйеуімен заңды ажырасып, “мать одиночка” деген статуспен баспана кезегіне тұрғандарды да алғандарды да естігем. Олар қағаз жүзінде ажырасқанымен, шын өмірде тырысып-тырмысып тіршілік қылсақ деп жүргендер. Бала-шағамызды кең үйде өсірсек деп өтірік ажырасып жатқандар деуге болады. Сондықтан статистикаға да сене беруге болмайды.
Диас НҰРАҚЫН, журналист.
Фото көрнекілік үшін.