Неге елімізде «ЗПР» балалар күрт көбейді?

0
116

Соңғы жылдары Қазақстанда балалар арасында психикалық дамудың кешеуілдеу жағдайларының артуы байқалып отыр.

Бұл мәселенің себебін Денсаулық сақтау министрлігі бірнеше негізгі факторларға жатқызады, соның ішінде тәрбиедегі немқұрайлық та бар, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Балалардағы психикалық дамуының кешеуілдеуі (ЗПР) қазіргі таңда өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда балалар арасында психикалық дамудың бұзылу көрсеткіштері айтарлықтай өскен. 2019 жылы 6706 бала болса, 2023 жылы бұл сан 10945-ке жеткен.

ЗПР пайда болу себептері екі негізгі топқа бөлінеді: биологиялық және әлеуметтік. Биологиялық себептерге жүйке жүйесінің жарақаттары, тұқым қуалайтын психикалық ерекшеліктер және аурулардың әсерлері жатады. Баланың дамуына кері әсер ететін әлеуметтік факторлар қатарына өмір сүрудің қолайсыз жағдайлары және тәрбиелік, педагогикалық немқұрайлылық жатады, — дейді министрлік.

Денсаулық сақтау министрлігі ЗПР-ды ерте кезеңде анықтау және емдеу тәсілдерін жетілдіру мақсатында халықаралық ұйымдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын айтты.

Қазақстанда психикалық және психологиялық даму бұзылыстарын диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамалары жаңартылып, ғылыми-практикалық конференциялар тұрақты өткізіледі. ЗПР-дың алдын алу және онымен күресу мақсатында мемлекет көптеген шаралар қабылдауда. Мысалы, үш жасқа дейінгі балаларды скринингтік тексеруден өткізуге ерекше назар аударылып отыр. Бұл тексерулер психофизикалық дамудағы проблемаларды ерте анықтауға көмектеседі. Сонымен қатар M-CHAT-R тесті арқылы балаларда аутизм белгілерін анықтау жүргізіледі, — делінген хабарламада.

Әрине, ЗПР мәселесі күрделі болғанымен, оны ерте анықтап, тиісті көмек көрсету арқылы балалардың болашақ дамуына оң ықпал жасауға болады. Дегенмен осыдан елімізде әлеуметтік мәселелерге аса мән беру керек екені байқалады.

Министрлік бұл дерттің дендеуіне әсер еткен негізгі факторларды да атап берді.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.