Оған әр қазақ алғыс айтуға тиіс

0
453

Қарапайым қазақтың өмірін түбегейлі өзгерткен бір адам бар. Жаны жайсаң осы жанды бір де бір қазақ білмейді де, танымайды да. Бірақ біз оны білмесек те, қатерлі ісік оның денесін жалмап жатса да, ол біздің өмірімізді өзгертуін тоқтатпады.

Ондай кезде «қолың дерт көрмесін» деп іштей тілеймін. Тағдыр тәлкегі оны Путин интриганттарының құрбаны қылып түрмеге тоғытты. Кінәсі дәлелденбей, Ресейдің репрессиялық сотында да ақталып шықты. Қазір өзінің отаны Америкада. Ол туралы жазуыма бір оқиға себеп болып отыр.

Өткен аптада балам үйге Боржоми алып қойыпты. Бір стаканын ішіп, жұмысқа шықтым. Метроға отыруға зауқым соқпағандықтан, Яндекспен такси шақырдым. Каспиден Яндекстің қанша алғаны туралы хабарлама келді.

Осы көріністің бәріне қарап отырып, таксиде «бір кісінің өз ісіне деген махаббаты болмағанда, осы Каспи де, Яндекс те, Боржоми де болмайтын еді» деген керемет ой келді.

Қазақтың тұрмысын өзгерткен адам – АҚШ азаматы, венчурлы капиталист Майкл Калви. 1994 жылдан бері ТМД аумағында, осы кеңістіктің болашағы бар ау деген стартаптарына инвестиция салумен айналысып келді.

Baring Vostok инвестициялық қорының басында тұрды. Ол қор қазірге дейін 80 инвестиция жасаған. Оның ішінде суырылып шыққандары Kaspi.kz, Яндекс, Боржоми, Tinkoff Bank, Озон болды.

Майкл Калви 2006 жылы сол кезде көп ұсақ банктің бірі болып тұрған «Банк Каспийский» деген мекемеге сеніп артып, инвесторлар пулынан жиналған қаржыға банктің 48% акциясын сатып алады.

Банктің болашағын байқайды да, сол жылы Baring Vostok серіктесі, Гарвардты бітірген жас менеджер Михеил Ломтадзенің қолына барлық өкілеттілікті беріп, банкті дамыту үшін Алматыға жіберген еді.

Дәл сол кезеңде (2007-2008) АҚШ ипотекалық нарығында дағдарыс басталып, инвестициялық банктер бірінен соң бірі банкроттыққа ұшырап, одан бүкіл әлемде алапат қаржылық кризис өршіп кетеді.

Бізде естеріңізде болса, құрылыстың барлығы тоқтап, алданған үлескерлер армиясы пайда болған кезең еді. Батыстағы инвесторлардың қолдарында бар қаржы мекемелерінің акцияларын арзанға сатып, құтыла бастаған уақыты. Биржалар құлаған, перспектива көрінбейді.

Майкл Калви үшін ауыр заман туады. Венчурлық инвестиция стандарттары бойынша «Банк Каспийскийге» жасалған инвестиция сәтсіз деп танылып тұр. Не істемек керек?

Майкл Калви қазақ банкіне сенуін тоқтатпайды. Керісінше, қиын уақытта, 2008 жылы банктің IT саласына 130 миллион доллар инвестиция алып келеді.

Қазіргі Қазақстанның цифрландыруда жеткен жетістігі, біз бағындырған биіктердің барлығы осы 130 миллион доллардан басталған. Ары қарай не болғанын жақсы білесіздер.

Банк Каспийский атауын «Kaspi Bank» қылып өзгертіп, инвестициялар мен тиімді менеджмент арқасында тоқтаусыз дамып, қазақтың ұлттық банкіне айналды. Қазір Kaspi біз үшін «Жеті қазына» тізімін толықтырып, сегізінші қазына атанды.

Бәрі де сенімнен басталады. Кішкентай ұшқын да сенімнен. Мен бұл оқиғаны әсерлі қылып жазып шығатыныма сендім. Ал Майкл ағай кезінде қазақ болашағына сенді.

Әр заманда тарих парағына өзгеріс енгізетін, бүтін мемлекеттер мен ұлттар тағдырына әсер ететін осындай адамдар болады. Ғұмыры баянды және ұзақ болсын деп тілеймін.

Айбар ОЛЖАЕВ,

сарапшы, экономист.

Facebook жазбасы.

Фото интернеттен алынды.