Оқу ағарту министрлігі, халықтың баласын «тәжірибе көжегі» етуді доғарыңыздар!

Өткен аптада Оқу ағарту министрлігі қаңтар ҰБТ — бойынша информатика, математика, химия, биология, қазақ тілі пәндері мұғалімдерінің білімі төмен дегенін оқып, тәжірибелі мұғалім ретінде ҰБТ тапсырмасы бойынша ұзақ жылдар жұмыс тәжірибемнен білгенімді ортаға салуды жөн көрдім.
Жалпы ҰБТ, Мектеп бағдарламасы, оқулық — үшеуі үш жақта жатқан дүние. Мектеп бағдарламасындағы оқылатын материалдар ҰБТ тапсырмаларымен мүлде байланыспайды, қатысы жоқ. Осыған сенетін адам бар ма?! Сенбейтін шығар ешкім!!!
Мектеп бағдарламасы -жаңартылған бағдарлама, қазақ тілінен аздаған грамматикасы бар, мәтін талдауға құрылған, әртүрлі лексикалық тақырыптардан тұрады, оқулық соған жуықтау жазылған, бірақ оқу мақсаттарымен сәйкеспейді.
Сенбейтін шығарсыздар? Өкінішке орай, дәл солай. Мысалы: Қиял деген тақырып беріледі. Мәтінді оқиды: айтылым, жазылым, оқылым бойынша жұмыс жүргізіледі. 11-сыныпта “Миграция” туралы тақырып беріледі. Мәтін талдайды (мәтін талдау методикасын мұғалім білмейді).
Шешендік сөз түрлері сұралады. Ал ҰБТ- да оқу сауаттылығы, ол да мәтінді оқып, сол бойынша құрылған сұрақтарға жауап береді. Ал таңдау пәні қазақ тілі болса, онда ондағы сұрақтарды қамтуға жаңартылған бағдарлама толық жауап бере алмайды .
Бұл мүлде мектеп бағдарламасымен сәйкеспейді. Осының осылай болғанына мұғалімдер кінәлі ме?! Жоқ. Мұғалім кінәлі емес. Бағдарламаны әртүрлі жасаған министрліктер кінәлі.
Министр Аймағамбетов “ҰБТ-ға мектеп жауапты емес” деген талап қойды. Соңғы үш-төрт жылда мұғалімдер ҰБТ- ға мүлде көңіл бөлген жоқ, тек мұғалім емес, орта мектеп жүйесі ҰБТ-мен байланысты болған жоқ.
Қазіргі министр Ғани Бейсембаевтың мұғалімдердің біліміне күдік келтіргені мүлде түсініксіз. Одан да саланың басшысы ретінде бағдарламалардың сәйкессіздігіне жауап бермей ме?!
Аттестацияны министр болғалы қатырған жоқ, бағдарламаны кімдердің “сапырып” жүргені белгісіз. Сайттағы жетілдірілген Стандарт пен бағдарлама “кіріктірілген пәндер”-ге жасалып отыр.
Ол қолданыстағы бағдарламамен де ҰБТ -мен де мүлде сәйкеспейді. Шындық осы. Депутат Ирина Смирнованың сөзінің жаны бар.
Осы шындықты 2019 жылдан айтып келемін, мектептен “зейнеткер” деп шығардыңдар, ал тізгін өз қолыма тиген соң, несіне аянайын.
Халықтың баласын “подопытный кролик” жасағанды қойсаңдаршы. Өз білімдеріңді жетілдіріңдер, өздеріңнен бастаңдар. Сауатсыз мұғалім жоқ, сауатсыз басшы көп.
Сөз -ауыздан шыққан соң иесін танытады. Қазақ оны “Балықшы балықшыны алыстан таниды” дейді, “Түйенің танығаны-жапырақ” дейді.
Біліксіз басқару әр аймақтағы білікті білім бөлімі басшыларын, білікті әдіскерлерді, ғалымдарды да әбден сандалтып болды.
Пайдасы жоқ жоба мен орындалмайтын “отчетный бұйрықтармен” мұғалімдерді де, ғалымдардың да быт-шытын шығардыңыздар.
Мынаны айтыңыздаршы, оқулық жазып отырған авторлар 68 сағат бағдарламаға оқулық жаза ма, 102 сағаттық бағдарламаға оқулық жаза ма?
Мира БАРКАЗАТҚЫЗЫ, білікті ұстаз.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.