Оқу ағарту министрлігінің келесі эксперименті іске қосылған ба?
Еліміздегі кей аудандарда мұғалімі бар мектептерге басқа мұғалімдер барып сабақ өтетін «жоба» іске қосылыпты деп жазады Democrat.kz.
Бұл туралы өзінің әлеуметтік желі парақшасында белсенді ұстаз Серік Марксұлы:
Асхат Аймағамбетовтің кезінде «Мобильді мұғалім» деген жобаны бастап еді. Басында мұғалім жетіспейтін жерлерге көмек үшін деді білем.
Енді сол біздің ауданның мектептеріне де жетті. Бұл жоба маманы жоқ мектепке болмаса, өзінің мұғалімі бар мектепке зиянын тигізбесе, пайдасын береді дей алмаймын.
Электронды журналға күнтізбелік-тақырыптық жоспарды салып қойып едік. Соны өзгерту керек болатын түрі бар.
Сосын математика, физика, химия және биологиядан өзіміздің мұғалімдер бастап беріп, сабақты ары қарай тірек мектептің мұғалімдері жүргізеді екен.
Ауруды сауықтыру үшін дұрыс диагноз қою керек. Оқу-ағарту министрлігі өстіп жасасақ, білім сапасы көтеріледі деп ойлайтын болса керек.
Ең бірінші, министрліктің диагнозы дұрыс емес. Бірақ өздері эксперимент жасаудан шаршамайды. Ал соның зиянын көретін оқушы мен мұғалім» деп жазды.
Жазбаға қатысты пікір білдірген мұғалімдер министрлік тарапынан жасалып жатқан мұндай шаралар білім сапасын арттырып жатпағанын алға тартуда.
«Жаңартылған білім мазмұны да экспертсіз еніп кеткен жоқ па, бізде мұндай жобалар жетіп артылады, тіптен мұғалімдер үлгере де, игере де алмай жатқан тұстары бар, қашан бір жүйеге түскен өзіміздің ұлттық педагогиканы игерер екенбіз?»
«Мұғалім болса да жібереді. «Нысаналы мектеп» ( «Мақсатты мектеп») сияқты ғой. «Нысаналы мектепте» мұғалімдерді оқытып, тест тапсыртады ғой.
Солай жасағанда, мұғалімдердің білімі артады деп ойлайды. Себебі, министрліктегілердің ойынша, білім сапасының төмендігі-мұғалімнің білімінің төмендігінен.
Сондықтан сол мұғалімдерді оқытып, білімін көтеру керек. Енді мына «Мобильді мектептің» де мақсаты сондай демеске болмай тұр.
Өйткені мұнда да маман болса да басқа тірек мектеп дегеннің мұғалімдері сабақ береді. Ал өзіміздің мұғалімдер солардың тәжірибесін үйренуі керек екен» деген пікірлер жазған ұстаздар оқушыға еш кедергісіз білім беретін күн алыстағанын айтады.
Дайындаған — Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.
Фото көрнекілік үшін.