Оқушыға қай бетімізбен тәрбие туралы айтамыз?

0
538

Facebook әлеуметтік желісінде қазақстандық мұғалім Сәния Нүсіпәлі қоғамды жайлаған өзекті мәселе туралы жазбасымен бөлісті деп жазады Democrat.kz ақпараттық порталы. Төменде ұстаздың жан айқайын өзгеріссіз назарыңызға ұсынып отырмыз. Ой қосыңыз, пікір білдіріңіз.

Білімді дегендердің тірлігі- қандай тәрбиеге арқау болады?!

Ұлттық тәрбие деп қақсағанымызбен, неше түрлі тәрбие сағаттарын өткізіп, айшықты тақырыптарды талқылап жатқанымызбен, оқушы көз алдындағы сорақылыққа қарап, қандай тәрбие алады?!

Білім саласындағы жемқорлық! Әр күні ұсталып жатқан басшылар, өзіне қол салған есепшілер, қылмысын жасырғысы келетін жындылар- өсіп келе жатқан жас өспірімдердің, санасына қалай әсер етеді?!

Оқушылардың болашағына берген қазынаны талан- таражға салған жемқорлар- талай міңберде тұрып, тәрбие туралы пәлсафа соққан шығар. Алдында тұрған оқушыларға болашақ туралы айтқан шығар. Өзінің күн сайын , оқушылардың болашағын ұрлап, қойын-қонышын толтырып жатқанын ешкім білмей қалады деген топастық бойын билеп, қорқауға айналдырғанын, қолына кісен салғанда бірақ білді….

Білім саласын жемқорлық жайлап , өтірік есеппен өрнек тоқып жүріп, неменеге тәрбие туралы айтасың?! Несіне, мұғалімдерден тәрбие туралы, сапа туралы есеп аласың?!

Тәрбие күнде айтатын- пәлсафа емес! Оқушылардың көз алдындағы іс-әрекеттер!

Білім саласындағы басшы қосшылардың бәрі шетінен қылмыскер! Мемлекет қазынасын тонаушы! Өтірікші! Екі жүзді! Осындай бола тұра, мұғалімдерден есеп алмақшы болады. Қоғам болып көріп отырмыз! Ал жастарды да, өздерінің лас тірлігіне араластырып құртып жатыр.

Тәрбие бағытында, жемқорлықпен күрес деген бағыт бар. Оқушыларға сурет салдырып, ролик жасатып, жемқордың қолына кісен салдырамыз! Күлкілі! Ұрылар төңіректе , білім басқармаларда, білім бөлімдерде, мектептерде жүргенде, болашақтарын ұрлағандар- өздеріне екі жүзділікпен қарап тұрғанда, қайдағы тәрбие!

Қайдағы тәрбие?!!?

Сондықтан барлық білім басқармаларын таратып, қайта құру керек?! Үлкен қозғалыс керек! Тазалық керек боп тұр! Әрбір, оқушының алдында дәріс оқитын мұғалім — дәл осы қозғалыстан шет қалмауымыз керек! Бұл өте маңызды мәселе!

Гани Бейсембаев мырза, оқушы тәрбиесі- өтірік есеппен де, даңғаза іс-шарамен де өлшенбейді. Білім саласы таза болу керек! Білім саласындағы жемқорлардың іс-әрекеті — барша Қазақ жұртын ластап кетті. Әлемнен ұят! Оқушыларға адал азамат бол деп айтуға ұят! Сіз қалай айтасыз?!

Фото ашық дереккөзден алынды.