Оқушыға қол жұмсаған мұғалім директор болып тағайындалды

0
317

Атырау облысында мектеп мұғалімнің оқушыларға қол көтергені анықталып отыр. Ал жақында ол өзге мектепке директор болып тағайындалған.

Әлеуметтік желіде мұғалімнің сабақ кезінде екі оқушыға қол көтергені туралы видео тарады. Видеода ер адам екі ұлды желкесінен жұлқылып, бірін белдігінен жоғары көтерген. Оқушының бірі сыныптан шығып кеткен.

Атырау облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі аталған дерекке байланысты түсінік берді.

– Желіде мұғалім мен оқушылардың арасындағы кикілжің түсірілген видеоға байланысты мынаны хабарлаймыз. 2024 жылғы 4 қарашада С.Жұпарғалиев конкурс нәтижесімен жалпы білім беретін Қадыр Мырза Әли атындағы мектепке директор болып тағайындалды. Оның білім саласындағы жалпы еңбек өтілі – 35 жыл. Тағайындау кезінде ата-аналар мен қызметкерлер тарапынан шағым түскен жоқ. Конкурстан барлық талап пен критерийге сәйкес өтті, -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Қазір облыстық білім басқармасы аталған дерекке қатысты қызметтік тексеруді бастаған.

– Қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысымен заңдылыққа сәйкес шара қабылданады, -деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.

Дереккөз: ҚазАқпарат.

Фото интернеттен көрнекілік үшін алынды.