“Оқушылармен бір vibe-тамын”: Желіде тренд түсірген мектеп директоры жұрттың ықыласына бөленді

0
3463

Желіде қол астындағы ұстаздар және оқушылармен бірге тренд видеолар түсірген мектеп директоры көпшіліктің көзіне түсті. Астана қаласының  №58-мектеп директоры, 34 жастағы Ақмоншақ Нұртаза осы арқылы “басшылардың бәрі қатал” деген стереотипті жойғысы келетінін жеткізді. Маманның айтуынша, оның бұл әрекетін ұнатпай сынайтын әріптестері де бар екен. “Қазіргі балалармен өз тілдерінде желі арқылы байланысамын” деген Ақмоншақ Stan.kz тілшісіне қалай тиктокер директор атанғанын айтып берген.

Ақмоншақ – Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, Ақжарма ауылының тумасы. 4 баланың анасы.

“9-сынып бітіріп, Астанадағы гуманитарлық педагогикалық колледжде “бастауыш сыныбы мұғалімі” мамандығына оқуға түстім. Одан кейін жоғары оқу орнында психолог мамандығын бітірдім. Қазір докторантурада білім алып жатырмын.

Астана қаласының №58-мектептің директорымын. Оған дейін білім басқармасында жұмыс істедім, әдіскер болдым. Балабақшада меңгеруші болдым. Өзімнің 4 балам болса, мектепте 2,5 мың оқушы бар. 5 айдың көлемінде желілерге видео салып, істеп жүрген жұмысымды көрсету арқылы өзгеріске қадам бастым”, – деді ол.

“Қазіргі балалар өзгеше, оларға сай болуымыз керек”

Ақмоншақ жиі сынға ұшырап жүрген еліміздің білім саласына өзгеріс әкелгісі келетінін жасырмады. Айтуынша, ескі қатаң тәртіппен жүре бермей, жаңашылдыққа бет бұру қажет.

“Қазір балалар өзгеріп кетті. Олардың өмірге деген көзқарасы да, құндылықтары да мүлдем бөлек. Олармен жақын болып, дұрыс жолға бағыттау мақсатында былтыр мектепті зерттеп көрдім. Бұрынғы жүйені қайталау дұрыс емес сияқты болып көрінді. Егер бұл жүйе жақсы болса, баяғыда-ақ басқаша деңгейге жетер едік.

Сондықтан оқушыларға барынша жақын болайын деп шештім. Өзім ана ретінде балаларыммен тең дәрежеде күліп-ойнап, сырласамын. Сол нәрсені неге халықтың баласымен де жасап көрмеске? Сосын “директордың бәрі қатал болады” деген стереотипті жойғым келді”, – деп қосты маман.

Директор алғашында оқушыларымен жақын болуды WhatsApp желісінен бастаған. Айтуынша, ортақ чат ашып, бүкіл мектеп оқушыларын сонда қосқан.

“Мектепте не ұнамайды, қандай мәселе бар, бірге шешейік” деп сұрап отырдым. Сұрағанда да қатал түрде емес, солардың тілімен сөйлесе бастадым. Кейін олар ақырындап ашыла бастады. Асханада көңілі толмайтын тамақ болса “апай мына тамақты ауыстырсақ бола ма” деп айта бастады. Чатқа, кейде тіпті жекеме де жазатын болды. Солай-солай балалардың арасында олардың сөзімен айтқанда “авторитет” болып санала бастадым. Енді олардың қолдарында телефон ғой. Қарайтындары TikTok. Сондықтан осы әдіске көшуді шештім”, – деп қосты Ақмоншақ.

“TikTok түсіру мұғалімге жат нәрсе” дейді

Директор басында өзін көп адамның қолдамағанын да алға тартты. Әсіресе Қазақстан бойынша бүкіл мектеп басшылары “бұл не масқара?” деген сөзді көп жазған екен.

“Білімді сайқымазақ қылдыңдар ма?”, “TikTok түсіру мұғалімге жат нәрсе” деген пікірлер болды. Алайда менің негізгі миссиям – балалардың өмір мен мектепке құштарлығын арттыру, ұстазға махаббатын ояту. Осылар орындалса автоматты түрде білімнің маңызын ұғады. Негізгі мақсат қазіргі заман ұрпақтарына сай болу.

Мұның астарында білімді сырып тастау деген ой жоқ. Керісінше, балаларды қаратып, назарын бұру арқылы олардың қырларын ашып, білімге құштарлығын ояту”, – деп түсіндірді ол.

Қазір Ақмоншақ оқушыларымен желіге түрлі контент жасайды. Ертегі кітаптарын оқып талқылайды. Жарыстардан жеңімпаз болған оқушылармен “директормен шай” атты айдар жасаған. Бас қосып, түрлі тақырыпта әңгімелеседі.

“Оқушыларға түзу отыр, нашар оқисың, адам болмайсың” деп келдік”

Ақмоншақтың айтуынша, қанша жылдан бері еліміз бірінші орынды білімге артып қойған. Салдарынан ескерілмеген ұсақ нәрселер күрделі мәселелеге айналған.

“Негізгі ойым танымал болып, тренд түсіру емес, баланың ішіне үңілу, оған сенім арту. Тәрбие берудің басқаша әдістерін көру.

Осы уақытқа дейін “анау болмайды, мынау болмайды. Сен былай жүр, партада түзу отыр шулама” деп келдік. “Нашар оқисың, демек адам болмайсың” деп олардың өміріне балта шауып жатамыз. Бірақ қазір олай болмайды. Бүкіл бала химик, физик болып туылмайды. Әр баланың өзіне сай дарын қабілеті бар. Соған қарай шыңдау керек.



Тек 5-пен оқитын жұлдыз балаларды дәріптей бермей, мектепке қызықпайтын, ұстаздарды ұнатпайтын балаларды тарту керек. Егер сол балаларды өзімізге тартсақ, демек менің және ұстаздардың мықты болғаны. Төбелесіп жүретін, ақылды тентектерді тарту мақсатында үлкен бір жобаны бастап кеттім. Олармен бірге вайндар түсіреміз деп отырмын”, – деді маман.

Ақмоншақ мұғалімдердің де үнемі күйзелісте жүретінін алға тартты.

“Күйзелісте жүрген адам шабытпен сабақ бере алмайды. Шабытсыз берілген білім сапалы болмайды. Сондықтан ұстаздардың жұмысын қиындатпау керек, өмірге жеңіл қарайық”, – деп қорытты ол.

Креативті директордың желідегі видеолары бүгінде миллионнан аса қаралым жинаған.