Оқушының білімі үшін мұғалім жауапты!

0
130

Бірінші сыныпқа барған қызымды үйдің қасындағы оқу орталығына қосымшаға бердім. Сол кездің өзінде (он жыл бұрын) 1 айға жиырма мың теңгенің көлемінде еді.

Мемлекеттік қызмет+магистратурадан баланың сабағын қаратуға қолым тимегендіктен және бір сыныпта 40-45 бала оқитын сапасыз сабақтың орнын толтыру мақсатында қосымшаға беруге мәжбүр болдым.

Бір күні қызым жылады: «Мама, мен қосымшаға бармаймын. Апай «су ми, су ми» деп ұрса береді»-деді. Сабақты түсінбесе бүкіл балаларға солай шарқылдайтын көрінеді. Ұрсысқаннан ештеңе ұтпайтынымды түсіндім де үндемей ғана баламды қосымшадан шығарып алдым.

Түнгі онда келсем де сабағын өзім қарайтын болдым. Мұны неге жазып отырмын?! Өкінішке қарай, бізде көп ата — аналардың баланың сабағына көңіл бөлуге уақыты жетпейді. Қосымша сабақтардың бағасы удай болғанмен сапасы сын көтермейді.

Себебі көп мұғалім үшін бұл тек ақша көзі, бизнес. Шын ниетімен білім берейін дейтін ықыласты ұстаздар азайды. Көзбен көргенді жазайын. Қазір Мысыр елінде тұрып жатырмыз. 1 сынып оқитын ұлым осы мамыр айынан бастап жазғы каникулға шығады.

Уақытын босқа өткізбей білімін дамытсын деп оқу орталығына қосымшаға жаздырып қойдым. Айына үш рет өтетін қосымша үш пәнді қамтиды (ағылшын, араб және математика). Айына төлем 1500 теңге (иә, дұрыс оқыдыңыз: мың бес жүз теңге).

Байқағаным, бұл елде қай ұстаз болсын баланы жан-тәнімен оқытады, өз баласы сияқты үлкен жанашырлықпен қарайды. Тоқ етері біздегі қосымша сабақтардың сапасын арттырып қана қоймай, шарықтап тұрған бағасын да төмендету керек сияқты.

Әсіресе Астана мен Алматы қалаларында. Білімді ұрпақ тәрбиелеу ісінде ата-анадан бөлек ең алдымен ұстаздар жауапты деп есептеймін!

Кенжегүл Тергембайдың

Facebook жазбасынан.

Фото ашық дереккөзден алынды.