«Ол тапсырманы орындаса, сарбаз казармаға төрт аяқтап кірер еді»

0
1117

Қазір ел ішінде әскердегі сарбаздардың жағдайы қызу талқыланып жатыр. Жас жігіттер сау болып барып, мүгедек болып қайтып, тіпті сорақысы, табытпен оралып жатқан жайттар бар.

Бұл жағжайлар баласы ер жетіп отырған ата-ананың уайымына айналып, тыныштық берер емес. Бұл сұмдықты қалай тоқтатамыз, осыдан кейін ата-аналарға қалай сенім ұялатып, әскерге өз еркімен баратын жастарды қалай жинаймыз?

Осы туралы Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Ринат Зайытов Qasqa Jol YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Ринат Зайытов Қоғамдық бақылау туралы Заңның жұмыс тобында болған кезде Еділ Жаңбыршин және Қорғаныс министрлігінің өкілімен болған талқыны еске алды.

«Қоғамдық ұйымдар, әскери бөлімшелерге кіруге рұқсат берілу керек дегенде6 жауапты министрлік «сендер шпиондарға жол ашып беріп отырсыңдар» деп уәж айтқан. Ол сенің қару қойылған қоймаңа бармайды, құжаттарыңа қол сұқпайды. Ол тек сенің казармаңды тексеріп, әскердегі сарбаздармен сөйлеседі.

Сол кезде Еділ Дерекбайұлы «Мен әскерде болдым, қатардағы сарбаз болған кезде, бүкіл офицерлердің қағазын толтырдым. Сол қағазда жазылған тапсырманы, жаттығуларды сарбаз орындайтын болса, казармаға төрт аяқтап кіріп ұйықтағаннан басқаға шамасы келмейтін еді» деді.

Мынаның бәрі іш пысқандықтан болып жатыр. Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын. Міне, біздің әскердегі проблема! Осы шешілсе, бұл біржақты болатын мәселе. Мұны талап ететін де, қадағалайтын да адам жоқ.

Біз осындай оқиғалар болған кезде ғана шулаймыз. Одан кейін ұмытып кетеміз. Астанада бес бала өртенгеннен кейін Қазақстанда бала өртенген жоқ па?», — дейді Зайытов.

Сонымен қатар депутат, 2024 жылы 12 қыркүйекте ҚР Қорғаныс министрлігіне жолданған «Қазақстанда міндетті әскери қызметті алып тастау керек» деген петицияға қатысты пікір білдірді.

«Әрбір ата-ана баласына алаңдайды, бірақ мемлекетке ең бастысы – шекара, іргеңді бүтіндеу. Оны қорғайтын блогерлер мен әншілер ме?! Әскери адамдар шығар. Әскер керек бізге.

Егер қажет болатын болса, тіпті екі жыл қылсын қайтадан. Мен бұған дейін де әскерді түзеу үшін не істеу керек дегенде, бір ғана жауап айтқанмын. Әкімдер, депутаттар, министрлердің балаларын әскерге баруға міндеттеу керек. Бір әкімнің баласы, облыстағы бір әскері бөлімде жүрсе, ол жерде «бардак» болмайды. Министрдің баласы барса да, дәл солай болады», — деді депутат.

Фото интернеттен алынды.