Олжас Бектенов Сенат депутаттарына өзін естен тандыра жаздаған жағдай туралы баяндады

0
318

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Сенат депутаттарына өзін естен тандыра жаздаған бір жайт туралы баяндады деп хабарлайды Democrat.kz. тілшісі Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Жалпы, ауыл-аймақта ел қаржысын орасан көлемде талан-тараж етудің заңды әрі ғажап схемасы жолға қойылған. Жергілікті бюджет есебінен өңір-республика үшін мәнді-маңызды жоба қолға алынады.

Алайда жергілікті билік бөлген қаражат тез таусылып, жоба доғарылады. «Ең бір мықты жобаның» тоқтап тұрғаны туралы түрлі деңгейде дабыл қағылады, депутаттар мәселе көтереді, ақпарат құралдарын жұмылады.

Өңірлерді аралаған сайын бұл проблема мәжілісмендер мен сенаторлардың алдынан шығады. Айғай-шу Үкіметке, ел басшылығына жетеді. Оған дейін бірнеше жыл өтуі мүмкін. Осы кезеңде құрылыс материалдары, қажетті жабдықтар қымбаттады деген сылтаумен жобаның құны еселеп көтеріледі.

Осы қымбат жаңа құн бекітілуі үшін әкімдер ескі жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізеді. Бұрынғы арзан жобаны көтере алмаған жергілікті бюджет әлдеқайда қымбат жаңа құнын тіпті еңсере алмайды.

Сондықтан жобаға енді қаражат республикалық бюджеттен «нысаналы даму трансферттері» түрінде аударылады. Бұл қаражат та игеріледі. Соған қарамастан, сол бойы аяқталмаған жобалар жетерлік. Қыруар қаржы қайда кетті? Белгісіз. Бес-он жыл өткенде, әкімдер де кетіп үлгереді, жауапты тұлғалар да ауысады, мердігер де сан өзгереді.

«Жергілікті бюджеттердің шығыстарын жоспарлаудың сапасын арттыру, сондай-ақ бюджеттен қаржыландырылатын инвестициялық жобалардың қымбаттауына қатысты проблемаларды Бюджет кодексі жобасы аясында шешу үшін жобалардың қымбаттауын қаржыландыру мәселесі пысықталды. Ұлттық экономика министрлігі жаңа кодекс жобасын әзірлеу кезінде Бюджет кодексінің 46-бабының қолдану тиімділігін айқындау үшін жедел талдау жүргізді», – деді Премьер Олжас Бектенов.

Жүргізілген талдау қорытындылары жаға ұстатады. Талдауға жергілікті атқарушы органдардың 2018–2022 жылдардағы ірі 25 жобасы алынды. Олардың әрқайсысының қымбаттау құны кем дегенде 1 млн АЕК-тен (2024 жылы 3 млрд 692 млн теңгеден) асып кеткен.

Үкімет басшысының мәліметінше, Алматы қаласында метрополитеннің бірінші желісінің құрылысы – 20,5 миллиард теңгеге қымбаттады.

Қарағанды қаласында жылу трассасының құбырлары кілең алтынмен апталса керек: оның құрылысы бастапқы құнынан тағы 22,4 миллиард теңгеге жоғарылапты.

Коррупциялық рейтингте алдыңғы орыннан көрініп жүрген Шығыс Қазақстан облысы да қалыспай, Бектеновті қайран қалдырды: ШҚО-да Бұқтырма су қоймасы арқылы салынған көпір өткелінің құрылысы алапат 31,3 миллиард теңгеге өскен екен.

Елордада «ЭКСПО-2017» кешені, LRT сияқты тиімді пайдаланылмай, елге шығын әкеліп жатқан «ғасыр жобалары» көп. Соның бірі Астана қаласының үшінші жылу-электр орталығы болды: сонау 2010 жылы бастау алған ЖЭО-3 құрылысының құны содан бері 35,2 миллиард теңгеге қымбаттап шыға келді.

Осы миллиардтар тасқынының кімнің қалтасында шөгіп, қандай елдегі виллаға айналғаны беймәлім. Орнында тек құрғақ цифр қалды. Үкімет болса, енді ондайға жол бермеудің амалын қарастыруда. О.Бектенов осыған байланысты Парламентке енгізілетін жаңа Бюджет кодексінің жобасында бірқатар шаралар пысықталып жатқанын жария етті.

Біріншіден, жергілікті бюджеттерді тек қана өңірлерді дамыту жоспарлары негізінде жоспарлау ұсынылып отыр. Бұл жоспарлардың құрамында инвестициялық жоспар әзірленеді. Өз кезегінде ол өңірді дамыту бюджетін жоспарлауға негіз-фундамент болады.

Инвестициялық жоспар екі компоненттен тұрады: біреуі – нысаналы көрсеткішке қол жеткізудің «басымдықты және проблемалы аймақтарының картасы». Ондай карталар, Премьердің түсіндіруінше, әрбір өңір үшін және әрбір нысаналы индикатор бойынша жасалады.

Екіншісі – мемлекеттік инвестициялық жобалардың болжамды тізбесі. Онда бюджеттік инвестицияларды жүзеге асырудан күтілетін экономикалық тиімділіктің болжамды көрсеткіштері қамтитын болады.

«Бұған қоса, аталған құжат бюджеттік процесте, оның ішінде мемлекеттік инвестжобаларды басымдыққа бөлу (приоритезациялау) бойынша әкімшілік және басқарушылық шешімдер қабылдау кезінде қолданылатын болады.

Сондай-ақ ол инвестициялық ұсыныстарды әзірлеу, бюджеттік инвестициялық жобалардың техникалық-экономикалық негіздемелеріне (ТЭН), бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемелеріне қажетті сараптамалар жүргізу үшін де негіз болып табылады», – деді Олжас Бектенов.

Сонда бұдан былай мемлекет қандай жобалардың, соның ішінде құны көтерілген жобалардың құрылысын жалғастырады? Үкімет басшысының дерегінше, әрбір меморганның немесе облыстар мен үш мегаполистің әрқайсысының «Инвестициялық жоспарына» келесі жобалар басым тәртіппен енгізіледі:

  • бұрынғы қаржы жылдарында басталған, құрылысы жалғасып жатқан мемлекеттік инвестжобалар;
  • өмірлік маңызды объектілер, жалпыұлттық маңызы бар жобалар;
  • құрылыс жобаларының мемлекеттік банкінен алынған, техникалық-экономикалық негіздемелерді, үлгілік жобаларды және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын қолдана отырып жүзеге асырылатын жаңа объектілер құрылысы.

Бектеновтің айтуынша, мемлекеттік сатып алулар кезінде бюджеттік инвестжобаларды қаржыландыруға қатысты талаптар күшейтілді.

Оған сәйкес, мемлекеттік сатып алуды қаржыландыру көлемі бұдан былай бекітілген жобалау-сметалық құжаттамадағы қаржыландыру көлемінен асып кетпеуге тиіс.

Бұрын әкімдер қандай да бір қымбат жобасын ілгерілеткісі келсе, бюджеттен бірер миллион теңге бөле салып, қолға ала беретін. Үкімет енді ондай кесірлі-қулықты практикаға тыйым салыпты.

Премьер тиісті қосымша талап көзделгенін жеткізді. Ол бойынша іске асырудың 1-ші жылында жобаны бюджеттен қаржыландыру көлемі оның құжаттамасында айқындалған құнының 3-тен 1-інен төмен болмауы шарт.

Егер жергілікті бюджет инвестжобаның толық құнының 30 пайыздан астамын бірінші жылы бөле алмаса, жоба мақұлданбайды.

Өмірге жолдама алғалы тұрған тағы бір ірі жаңалық: жалпы сипаттағы трансферттерді қалыптастырғанда, 2026 жылдан бастап базалық инфрақұрылымды жоспарлауды толығымен жергілікті деңгейге, әкімдерге беру жоспарлануда.

Тиісінше, барлық «нысаналы трансферттер» жергілікті бюджеттерге беріледі. Осы арқылы жергілікті әкімдіктердің орталықтан тәуелсіздігі, дербестігі арттырылады.

Сөйтіп, аймақ әкімдері қыруар қаражатқа қарық болады. Атап айтқанда, 2024 жылы республикалық бюджетте жалпы сомасы 1 триллион 803,2 миллиард теңге нысаналы трансферттер көзделген.

Оның 283,2 миллиард теңгесі – ағымдағы шығындарға, 1 триллион 519,3 млрд теңгесі – өңірлерді дамыту мақсаттарына жұмсалады. Демек, осы триллиондарды қалай шашамын десе де, әкімдердің өзі би, өзі қожа болмақ.

«Алдағы уақытта республикалық деңгейде тек аса маңызды жобалар мен жалпыхалықтық маңызы бар жобаларды ғана қаржыландыру жоспарланып отыр. Бұл жобалардың қымбаттауы республикалық бюджетке бекітіп беріледі», – деді Премьер Олжас Бектенов.

Басқаша айтқанда, Үкімет инвестжобалар үшін барлық жауапкершілікті өз мойнынан алып, толығымен әкімдерге жүктейтін болады. Сонда егер құрылысының құны қымбаттаса, әкім Үкіметке қол жая алмайды.

Нысаналы трансферттерден, басқасынан үнемдеп, қаржыландырудың бір амалын өзі табуы қажет. Осылайша, жобалардың қымбаттау проблемасы формальды шешіледі: ол енді Үкіметтің басын қатырмайды.

Сенатор Әлібек Нәутиев әкімдерді қорғаштады. Оның айтуынша, бюджеттік инвестжобалардың сметалық құнының өсуіне бірнеше фактор ықпал етеді.

Оған құрылыс материалдарының, қызмет түрлерінің қымбаттауы, қолданыстағы жобаға кейбір қызмет түрлерінің енгізілмей қалуы және кейін қосылуы түрткі болады.

«Мысалы, 2021–2024 жылдар аралығында Атырау облысында бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері 148 бюджеттік инвестжобаны түзетуге ұсынды. Жалпы алғанда, олардың бастапқы құны 266 млрд 583,5 млн теңгені құраған. Енді әкімшілер сметалық құнын еселеп, 409 млрд 277,9 млн теңгеге дейін қымбаттатуды ұсынды. Немесе 142 миллиард 694,4 млн теңгеге қымбаттады. Бұл құпталып, тиісті түзету енгізілгеннен кейін жергілікті бюджеттен 59 миллиард 393,8 млн теңге бөлінді», – деді сенатор.

Оның мәліметінше, тәжірибе көрсетіп отырғандай, жобалар құнының алғашқы бекітілген бағасынан 2 немесе одан да көп есе өскен жағдайлар кездеседі.

Мысалы, «Атырау қаласында кәріздік тазалау ғимаратын қайта жаңғырту» жобасының бастапқы жобалау құны 21 млрд 387,7 млн теңге болса, түзету енгізілгеннен кейінгі сомасы 41 млрд 947,7 млн теңгеге жеткен. 20 млрд 587 млн теңгеге қымбаттады.

«Құрманғазы ауданының Дәшін ауылының кірме және ауылішілік жолын (тратуармен қоса) қайта жаңғырту» жобасының бастапқы құны
1 млрд 802,4 млн теңге болған. Түзетуден кейінгі құны 7 млрд 891,7 млн теңгеге дейін немесе 4,3 еседен артыққа қымбаттады.

«Атырау қаласында автомобиль жолдарын салу (Нұрсая ықшам ауданы №16 көшенің бойында Бейбарыс даңғылына шығумен және Әбілхайыр хан даңғылына өтетін жол салу» жобасының бастапқы құны 1 млрд 513 млн теңге болды. Түзетілген соң құны 5 млрд 580,2 млн теңгеге дейін немесе 3,7 есеге өсті.

«Атырау қаласында электр желісімен жабдықтау» жобасының бастапқы құны 1 млрд 280,9 млн теңге ғана болған. Түзету енгізілгеннен кейінгі құны 8 млрд 271,2 млн теңгеге дейін, немесе 6,4 есеге шарықтады.

Ұқсас проблема тек Атырау облысында ғана емес, еліміздің барлық өңірлерде ұзақ уақыт бойы орын алып жатқанын айтқан сенаторлар Үкіметке ұсыныспен шығып, жергілікті әкімдіктер қолға алған жобалардың қымбаттаған құнын республикалық бюджеттен өтеуді өтінді.

«Жергілікті бюджеттің мүмкіндігі шектеулі. Осыны ескере отырып, түзету енгізілген жобалардың ұлғайтылған, өскен сомасын республикалық бюджеттен қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз», – делінген Сенаттан жолданған хатта.

Бюджеттен қаржыландырылатын түрлі жобалардың есепсіз қымбаттауы кесірінен де ел бюджетінің жыртығы ұлғаюда. Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, келесі 2025 жылы республикалық бюджеттің тапшылығы ЖІӨ-нің 2,7%-ына немесе 4,8 триллион теңгеге жетпек.

Мұндай рекордтық бюджеттік дефицит ел тарихында бұрын-соңды болмаған. Бұл соманы Үкімет қарызға алуды жоспарлап отыр. Соның кесірінен, Қазақстан өзінің мемлекеттік борышын өтеуге ғана 2025 жылы рекордтық 6,1 триллион теңге шығындайтын болды.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.