«Оралмандар» көрген теперішті білесіз бе?

0
426

1991 жылдан бері елімізге 1 миллион 132,7 мың этникалық қазақ оралды. Алайда көп отандасымыз «оралман» деген атау үшін қоғамнан теперіш көрді.

 Stan.kz тілшісіне Елиза Насылбекқызы мектеп қабырғасында «қандас» болғаны үшін буллинг көргенін және ата-анасының құжат ресімдеу кезінде қандай қиыншылықтарға тап болғанын айтып берді.

«Қашып кетпегенімізді дәлелдегіміз келеді»

Елиза Насылбекқызының атасы “Қазақстанға оралсақ екен” деп бала күнінен армандап, туған жерінің топырағына жерленгісі келген екен. Ал Елиза өзі 2005 жылы азаматтық алып алған.

«Біз 2003 жылы Қытай халық республикасынан Қазақстанға отбасымызбен көшіп келдік. Көшіп келген кезде кішкентай болған соң мүлдем эмоция болмады. Бірақ ата-анам туған жерін қатты аңсап келді, елге көшіп келу басты мақсаты еді.

Әсіресе 90 жастағы атам туған жердің топырағында қайтыс болуды армандаған. Өзіміздің қазақ жерімізде, балаларымыз оқысын, өніп-өссін деген ниетпен келген.

Үлкендер көшіп келген кезде сендердің болашақтарыңды ойлап, қоныс аудардық. Осы Қазақстанда оқыңдар, дамыңдар деп жиі айтатын. Біз келген кезде көбі қазақша таза сөйлемейтін», – деді Елиза Насылбекқызы.

Елиза Насылбекқызы ауыл мектебінде 9-сыныпқа дейін оқыған. Алайда сол жылдар аралығында оқушылар оған буллинг жасап, «оралман», «қашып кеткендер» деп келемеждеген.

«Бастапқыда ауыл мектебінде 9-сыныпқа дейін барып оқыдым. Сол кездегі сыныптастарым «оралман», «қашып кеткендер» деп мазақтайтын. Бірақ олардың сөзіне мән бермей жүре бердім.

Дегенмен шыдамның да шегі бар. Қателеспесем 8-сыныпта «Қытай» деген сөзі үшін қатарластарыммен төбелестім. Себебі бұл сөзді көп айтып, кекесінге айналдырып жіберді.

Көпшіліктің «оралмандар кезінде елін, жерін сатып, қашып кеткен», «енді қазақтың жағдайы жақсарған соң қайтып келіп жатыр» деген пікіріне қарсымын. Қашып кетпегенімізді тарихи деректермен дәлелдегіміз келеді.

Әсіресе оқушылар орысша білмегенім үшін қатты келеке етіп, ортаға салатын. Бір сөзді қате айтып қалсақ, сол сәтті есінде сақтап, жылдар өтсе де айтып, күле беретін», – деді ару қыз.

Қыздың айтуынша, бұдан басқа өзі секілді «қандас» достарының ата-аналарын да әжуаға айналдырған.

«Қытайдан келген адамдардың киіну стилі бөлек. Мұны көрген жергілікті балалар олардың әке-шешесінің киім кию әдетін мұқатып, мазақ ететін. Осы кезде мұғалімдерге қатты таңғалатын едім.

Мұғалімдер ешқашан сол буллинг жасап жатқан балаға «қой» деп айтпаған. Олармен бірге қоса жамандап, сыныпта мынау «оралман балаға мына тапсырманы берейік» деп бөлетін.

Мен даярлық сыныбынан бастап оқығандықтан, тіл жағынан қатты қиындықтар болмады. Тек сол арасында қате сөз айтып қалғанда бірден күлкіге айналдырып жіберетін», – деді отандасымыз.

Сонымен қатар мектептегі мұғалімдері бұлай айтуға, кемсітуге болмайды деп түсіндіру жұмыстарын жүргізсе жақсы болар еді дейді Елиза.

«Мұғалімнің өзі сабақ үстінде «осы оралман ата-аналарға айтсаң, түсінбейді» деп жиі айтатын. Сол кезде олардың тарапынан «оралман деп бөлме» деген пайымдарын естіген жоқпын.

Бірде сыныптасым «аккуратный» деген сөзді қате айтып қалып еді, сол балаға орыс тілі сабағында бәрі күлді. Сол сәтте апай тұрып, «ол енді оралман ғой, дұрыс айта алмайды. Күлмеңдер оған» деп айтқаны әлі есімде. Қазір ойласам, мұндай буллинг қоғамда емес, мектепте көп болады», – деді ол.

«Оралман екенін білсе де, әдейі орысша сөйлейді»

Отандасымыз елге оралғаннан кейін өзінен гөрі ата-анасына сіңісіп кету қиын болғанын атап өтті. Оның айтуынша, әке-шешесі құжат ресімдеу кезінде жергілікті мемлекеттік органдар орысша сөйлеп, кириллицамен жаздыртуға тырысқан.

«Әсіресе тіл мәселесі бойынша жақындарым қатты қиналды. Өйткені ол кісілер Қытайдан келіп, сол жердің білімін алған соң бұл жаққа сіңісіп кету баяу жүрді. Олардың оралман екенін біле тура, кейбіреуі орысша айтып, кемсітуге тырысатын.

Орыс тілінде сөйлеу бізге емес, ата-анамызға қиынға соқты. Әлі күнге дейін Қытайда қазақша сөйлейтін менталитеттің тіліне дауыс ырғағы сіңісіп кеткен. Мысалы, дүкендерге барып қалса, тұрғындар олардың оралман екенін білсе де, әдейі орысша сөйлейді.

Құзырлы органдар құжаттарын жинап беріп, жол көрсетудің орнына, әдейі кириллицамен жазғызуға тырысатын. Өйткені оларға сөйлеуден бөлек, жазу оңайға соқпады», – деді Елиза Насылбекқызы.

Қыз 10-сыныпты қала мектебінде жалғастырған. Қуанышқа орай, қалалықтар қыздың шыққан жерін күлкі етіп, мазақтамаған.

«Әуелде «оралман» деген сөздің не мағына беретінін түсінбедім. «Оралман» деген кезде қол сүртетін орамалды айтып жатыр ма деп ойладым. Сыныптастарымның келемежінен кейін 10-сыныпты Талдықорғанда оқыдым.

Қала мектептерінде, оқушылардың арасында «оралмансың», «қытайсың» деген дүниелер мүлдем айтылмайды. Ол жақта бөлінушілік аз. Мұндай кемсітушіліктерді ауыл мектебінің оқушыларынан және мұғалімдерінен ғана көрдім.

Қалаға көшіп келген кездеп бастап қазіргі дейін мұндай жағдайлар қайталанбады. Әсіресе ата-анамызға өте қиын. Себебі біз жастар тез үйреніп, бейімделіп кете аламыз”, – деді қыз.

«Қандас деп айтуға қарсымын»

Елиза Насылбекқызы «қандас» деген ресми терминнің дұрыс емес екенін айтты. Оның пікірінше, халықты бөле-жармай «қазақстандық» деп атаған жөн.

«Өз басым «оралман», «қандас» деп айтуға да қарсымын. Бәріміз бір қазақ болған соң, төлқұжатымызда қазақ деп тұрған соң, қазақ деп бәріне айтылуы қажет. Өзбек, қытай деген секілді ұлттың атаулары адамды қоғамнан бөледі.

Бәрімізге «бір қазақ» деген идеологияны енгізу керек. Мысалы, Америкада америкалық деген ұстаным бар. Дәл солай қазақстандық деген атау тиімдірек естіледі.», – деді Елиза Насылбекқызы.

Елизаның сөзінше, жұмыс істей бастағаннан бері ортасында қандас мәселесі мүлдем қозғалмаған. Ол, керісінше, елімізге енді оралып жатқан қазақтарға азаматтық алу мәселесі қиындап кеткенін айтты. Қазір ол Алматыдағы дін істері жөніндегі басқарманың қасындағы дін мәселелерін зерттеу орталығында жұмыс істейтінін тілге тиек етті.

«Ал қазіргі қандастарға қиын болып жатқан мәселердің бірі – олардың жиі алданып қалып жатқаны. Олар енді бұл жақтың жүйесін білмейді. Бізде ұзақ күту керек.

Нотариустағылар оларды алдап, сіздің азаматтығыңызды бір аптада, 10 күн аралығында шығарып береміз деп көп ақша алып алады. Олардың бұл жақтың тілін білмейтінін, өмір салтына үйренбегенін пайдаланып, ақшаларын жеп кететін адамдар бар», – деді Елиза Насылбекқызы.

Айта кетейік, «қандас» мәртебесі уақытша беріледі. Қазақстан Республикасы аумағына өз бетімен келген этникалық қазақтар қандас мәртебесін алу үшін өтінішті мемлекеттік корпорацияға бере алады. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұратын этникалық қазақтар қандас мәртебесін алуға өтінішті Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне береді.

Қандас мәртебесi келесі жағдайларда тоқтатылады:

Қандас Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн;

Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсаттың күші жойылған жағдайда;

Қандас мәртебесін алған күннен бастап бір жыл өткеннен кейін ресімдей алады.

Фото көрнекілік  үшін интернеттен алынды.