Осындай мұғалімдердің «арқасында» Қазақстан құрдымға кетіп барады
Өткен аптада қазақстандық бір топ мұғалімнің бастамасымен жоғары билікке ашық хат жазылып, ресми петиция жарияланған еді. “Мақсатты мектеп” жобасын тоқтатуды талап еткен бұл бастама ә дегеннен мыңдаған мұғалімнің қолдауына ие болған-ды.
Алайда “қолдаймын! Жоба тоқтатылсын!” деп күркіреп қолын қойған кейбір мұғалімдер хат ресми жолданар сәтте “қойған қолымнан бас тартамын” деп міңгірлеп бастапты.
Мыңдаған кісі отырған “Мақсатты мектеп”, “Нысаналы мектеп” атымен ашылған WhatsAPP чаттарында дәл қазір осы мәселе қызу талқыға түсуде. Айнып қалған мұғалімдердің әрекетін әріптестері түсінбей дал.
Желдің қай тараптан есіп жатқаны, әрине мәлім. Қарапайым мұғалімге тізесін бір батырса, басшылық пен директордың айналасындағылар батырады.
Аталмыш чатта директорлары қысымға алып жатқанын, тіпті заңды декреттік демалыста отырған кей мұғалімдерді басшылары тест тапсыруға мәжбүрлеп жіберіп жатқаны туралы да ақпарат бар.
Қойған қолынан бас тартып жатқан мұғалімдер «Мақсатты мектеп» жобасының қажетсіздігін мойындағанымен, директорлары қысымға алып, айнытып отырғаны сөзсіз. Осылайша «жоба дұрыс» деген түсінік қалыптастырмақ.
Төмендегі скрин көшірмелер жоғарыда аталған WhatsAPP чаттардан алынды.
Сіз бен біздің баламызды өз әрекетіне жауап бере алмайтын, қорқақ, жалтақ, айнып қалғыш мынадай мұғалім оқытып отырғаны ғой, солай ма? Бұл қалай? Мұғалім — адамзатқа үлгі болатын ерекше тұлға емес пе еді?
Еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін мұғалімді білімді санап, өзін одан бір саты төмен ұстайтыны да шындық.
Өкінішке қарай, біздегі кейбір мұғалімдер оқушысы былай тұрсын, өзін қорғай алмайды екен. Олай болса, ұстаздар қауымы, “мұғалім — абыройсыз” деген жұртқа не деп ренжисіздер?
Төбеңізде әңгіртаяқ ойнатқан оқушы мен бажылдап, мазаңызды алатын ата-анаға да ренжуге қақыларыңыз жоқ қой!?
“Басшым солай жаса деді”, “жұмыссыз қалам”, “қудалауға ұшыраймын” деп, өз құқығын қорғауды білмейтін сондай мұғалімдердің “арқасында” Қазақстан деген ел құрдымға кетіп бара жатыр.
Сондай қорқақ мұғалімдер соңғы 30 жыл бойы сайлаулардың бәрінде халықтың даусын ұрлап, саяси режимнің өзгермеуіне ықпал етті. Сондай мұғалімдер өздері сияқты қорқақ, жалтақ, жағымпаз оқушыларды жыл сайын мың-мыңдап қоғамға қосып отыр. Өтіміз жарылып кетсе де — бұл шындық.
Күн сайын болып жатқан қанды оқиғалар, өлім-жітім, ұрлық-қарлықтың бәрі — сауатсыз мұғалімнің сауатсыз шәкірттерінің “арқасында” болып жатыр.
Құқығын қорғауды білмейтін сондай мұғалімнің білім деңгейі де күмән тудырады. Өз ісінің шебері болған ұстазға директор былай тұрсын, министрдің тісі батпасы анық.
Ал сүйретіліп “мұғалім” деген атты арқалап, бюджеттің ақшасын асап жүрген жалтақ мұғалім — қазақ ұлтының нағыз жауы.
Бүгінгі басшы-қосшы, министр-шенеунік мәңгілік емес. Не өледі, не орнын ауыстырады. Ал қазақ деген ұлт, Қазақстан деген мемлекет — мәңгілік.
Уақытша адамдарға құлдық ұрып қызмет еткен бүгінгі жалтақ-жәдігөйлер қазақ деген ұлттың обалын, қарғысын арқалап өтуге дайын болсаңыздар, мархабат!
Тест тапсырам деп, басшыма ұнайын деп шапқылап жүрген мұғалімнің 99 пайызы сабақтарын түгел өтіп, оқушысына 100 пайыздық білім беріп отыр дегенге сенесіз бе? Өзімізді өзіміз алдауды қояйықшы!
Бүгін бір ғана 40 минуттық сабағында (апайы далақтап, тест тапсырып, директорға жағымпазданып шапқылап кеткен) білім алмаған оқушыға келесі сабақта ол сабақты түсіндіре салам деу мүмкін емес.
Себебі, білім бағдарламасы әр күннің 40 минутына арнайы шақталып жасалған. Олай болса, мұғалімдік міндетін емес, жағымпаздық рөлін атқарып жүрген ондай мұғалімсымаққа да, оны басқару арқылы Қазақстанның болашағына балта шауып отырған басшысына да айтар сөз бар ма?
Бұл жердегі мәселе — жай ғана бір жобаға қатысты емес. Бұл жердегі ең маңызды мәселе — оқушыларға алаңсыз сабақ берудің орнына, мұғалімдердің қажетті-қажетсіз шаруалармен бас қатыруы.
Бұл жерде әр оқушының білім алуға міндетті деген заңды құқығының бұзылуы. Бұл жерде қазақстандық оқушыларды осындай тәсілмен сауатсыздандыруға жол беру мәселесі маңызды.
Егер дәл осы жоба ел ертеңі үшін соншалықты маңызды екеніне дәлелі бар болса, жоба заңмен міндеттелген болса, бүгінге дейін неге Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев жұрт алдына шығып, ресми мәлімдеме жасамады? Бұл сұраққа алдағы уақытта тағы ораламыз.
Ал әзірге жұрт өз баласын қандай мұғалім оқытып жүргенін білсін.
Дайындаған — Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.