Өзбек медицинасы науқас балаларымызды улап жатыр

0
1315

Қоғам белсендісі, журналист Оңғар Қабден парақшасында «Аутизм таблеткамен емделмейді! Сақ болыңыздар!» деген ескерту жазба жариялады деп хабарлайды Democrat.kz.

«Елес ем: өзбек клиникалары аутизмі бар балалардың ата-аналарына жалған үміт беріп, қалталарын толтыруда.

Қазір қоғамда аутизм дерті өршіп тұр. Өзімнің таныс-туыстарымның ішінде де перзенттері аутизмға шалдыққандар көп. Балалар арасында кең тараған түрі, цифрлық аутизм.

2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 11 282 балаға аутизм диагнозы қойылған. Балам бауыр етім, көзімнің нұры деп өсірген қазақпыз ғой, балаң ауырғанда жаның шығып кете жаздайтыны рас.

Содан ата-аналар аутизмді емдейтін клиника іздеп, шарқ ұрады. Осындайда олардың көзіне жарнамасы мен маркетингі атой салып тұрған өзбек клиникалары кездеседі.

Олар «баланы бірден емдеп жазамыз», «бірер күнде беті бері қарайды», «құлан таза айығып кетеді» деп уәдені үйіп төгіп, көкейінде күдік тұрған ата-аналардың асты-үстіне түседі.

Алайда өзбек бауырлардың клиникаларында ұсынылатын ем-дом түрі дәлелденбеген, әрі аутизм саласындағы мамандар арасында өте үлкен сұрақтар туғызып отыр.

Бір жерден «өзбектер балаларға Қазақстанда жарты жылда салынатын екпені 10 күн ішінде салып тастайды» дегенді оқып қалып едім. Әрине, мұндай «белсенді» екпеден кейін бала тынышталып, беті бері қарағандай болуы мүмкін.

Бірақ бұл тек бастапқы әсері. Ары қарай қандай жанама әсері, жағымсыз салдары боларын білмейміз. Оның үстіне әр бала әртүрлі реакция береді, бұл баланың өміріне қауіп төндіруі де мүмкін.

Мұндай «агрессивті» емнен кейін аурудың ушығып кетпесіне кім кепіл? Онсыз да ағзасы әлсіз балаға күніне 5 екпе салады екен. Ойлап көріңіз енді, айына бұл жүздеген екпе ғой. Осылайша өзбек ағайындар онсыз да ағзасы әлсіз баланы дәлелденбеген ем мен дәрілермен «улап» жатыр.

Алдында бір телеарнадан көзім шалып қалды, баласын Ташкентте емдеткен бір ана баласының ауруы үдей түскенін айтып жатыр.

Жаңағыдан дәрі мен екпенің көптігінен бала талма ауруына ұшыраған. Өзбек клиникалары емдейміз деп, жалған ақпарат таратып, ауру үстіне ауру жамап беріп жатыр.

Бұл маркетингтік әдіс десек те болады, осылайша өзбек клиникалары баласының денсаулығы үшін күрескен ата-аналарды ұзақ мерзімге ұстап қалуға тырысады.

Баланың ауырғаны клиникалар үшін қосымша табыс екені былай да түсінікті. Сондықтан да олар баланың ауруына ауру қосып бере береді.

Әрі күніне 5 екпе алғаннан кейін баланың сол екпеге тәуелді болып қалатыны айтпаса да түсінікті шығар. Сондықтан ата-аналар сол клиникалардан шықпай, ем ала береді.

Бұл ата-аналардың қалтасын жұқартып, клиниканың қазынасын толтыра береді. Әрі аутизм дәрі-дәрмекпен емделетін сырқат емес екенін ұмытпау керек.

Мұнда кешенді емдеу әдістері қажет. Екпе мен дәрі-дәрмекпен емделе салса, аутизммен ауыратын балалар саны мұндай көп болмас еді ғой.

Қазақстанда да аутизмі бар балалар мен олардың ата-аналарына арналған қолдау орталықтары бар. Мысалы, Болат Өтемұратов қоры қаржыландыратын «Аутизм. Бәріне ортақ әлем» бағдарламасы аясында ел бойынша бірнеше мамандандырылған «Асыл Мирас» орталықтары құрылып, қазір жемісты қызмет етіп келеді.

Онда дәлелденген, халықаралық әдістер қолданылады. Балаларымыздың ертеңіне алаңдасақ, осындай дәлелденген жерлерде ғана ем алып, тексерістен өткеніміз жөн.

Не де болса, ата-аналарға шыдам, балаларға денсаулық тілеймін. Ұрпағымыз сау болып, өзбектер ұсынған дәлелденбеген медицина түрлеріне жүгіне бермейік дегім келеді» еп жазды журналист.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.