Өзгелерге жасалатын «комфорттың» жартысы неге қазақтілділерге жасалмайды?
Танымал журналист Мөлдір Бақыт көптің көкейінде жүрген маңызды сұрақ бойынша жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
Еліміздегі тіл мәселесіне қатысты бұл жазбасында журналист кезінде орыс тілін білмегендердің қалай қорлық көргенін, қоғам тарапынан кемсітудің көкесін көргенін сөз етіп:
«Орыстілділер қазір қазақ болу, қазақтық мәселесін қатты қаузап жүр. Кімдігін тану, рефлексия дей ме. Бұрнағы кезде оларды мұндай ой мазаламағанда, олар бір мұңсыз өмір кешті.
Ал, біз ше? Қазақтілділер. Орталық, Солтүстікте не үлкен қалаларда жас күнімізде қандай күй кештік?
Қазір орыстілділерге түсіністік танытып, олар үшін қуанып, тегін танысын деп, болысып жүрміз. Моральдық қолдау, қаржылай да соларға көрсетіледі.
Ал өмір бойы екінші “сорт” болған біздің жан жарамызды кім емдейді? Орыстілді ортаға бейімделу үшін біз не істемедік, не көрмедік? Мыңқ етпей келе жатырмыз әлі. Оның өтемі не?
Осы жерде “о” орнына “а” жазып қойсақ орысша, бір бірімізді түзеп, есіміз шығып отырады. Қалаға ауылдан келген немесе, мемқызметте істеген қазақ травма алмадым, қорланбадым десе сенесіз бе?
P.S Тіл білме демеймін, білгенің өзіңе жақсы. Бірақ біз де жағдайымызды айтып тұруымыз керек шығар ара-тұра» деп жазды.
Бұл жазбаға пікір білдірген оқырманның басым бөлігі өткен дәуірде орыс тілін білмегені үшін қандай қиындыққа тап болғандарын еске алып, пікір жазуда.
Расында да, қазір екі ауыз қазақша сөйлегенді төбемізге көтеріп қана қоймай, биліктің төріне дейін шығарып жатамыз.
Қазақ сөздерін күлкілі, қате етіп сөйлесе де, қыңқ демей, «әлі-ақ үйреніп кетеді» деп арқасынан қағып мәз боламыз.
Ал кезінде қалай болып еді? Орысша бір сөздің екпінін дұрыс қойып айта алмағаны үшін қанша қазақ сөз естіді.
Ойын орысша жеткізе алмағаны үшін қанша қазақ қара жұмысқа жегілді. Жаны жараланды.
Орыстілділер үшін өмір бойы жасалған «комфорттың» бір бөлігі неге қазақтілділерге жасалмайды? Бұған не айтасыз?
Дайындаған — Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.
Фото көрнекілік үшін.