Пәндерді біріктіріп, қоймалжың жасау кімге не үшін керек болды?
Жаңа білім стандартының жаңалығының тағы бірі пәндерді біріктіріп және кіріктіріп оқыту.
Иә, кейбір пәндер біріктіріп оқытуды қарастырып жатыр.
Ыбырай Алтынсарин атындағы білім академиясы вице-президенті Руслан Қаратабановтың сөзіне және құжатқа қарасақ:
Алгебра мен геометрия бірігіп математика болмақ, химия, физика, биология үшеуі қосақталып жаратылыстану пәні аталмақ. Ал, дүниежүзі тарихы және құқық негіздері біріге салып әлеуметтік ғылымдар пәні болады, — дейді. Құжат һәм жауапты тұлға.
Уәж — бұл пәндердің бір-бірімен мазмұн жақтан ұқсас. Тіпті бір әдіскер, химия тұнған биология, биология тұнған химия, физиканың іші толған химия деп көсіліпті.
Өзім химик ретінде, 15 жыл мұғалім болып келе жатқан адам ретінде әдіскердің сөзіне тура мағынада шок болдым. Физикадағы қозғалыс не химия ма? Электр тоғы немесе астрономияның химияға қатысын түсінбедім. Биологиядағы қос мекенді, сүт қоректі жануардың дамуы, өсімдік құрылымы қашаннан химия болып кеткен?
Күлкілі һәм сауатсыздық.
Бұлай пәндерді біріктіруге де, кіріктіруге де болмайды! Пән аралық байланыс деген ұғым бұрыннан бар, сол сақталу керек. Ал, бұлар жеке-жеке ғылым, жеке-жеке пән.
Менің түсінбейтінім, онсыз да сапасы сын көтермейтін пәндерді біріктіріп, қоймалжың жасау кімге керек болды?
Ертең ол біріккен пәнді кім береді?
Химия ғылымдарының докторы, педагог-шебер болсам да, биология мен физикадан сабақ бере алмаймын. Білімім жетпейді. Себебі, ол өзінше ғылым. Ал, сонда әмбебап ұстаздарды бұлар қайдан таппақ түсінбедім.
Құқық пен тарихтың да есі дұрыс адам екі түрлі ғылым екенін жақсы біледі. Оны бір-біріне қосу да дәл сол күлкі шақырады.
Бірінші тамақ, екінші тамақ екеуі де тамақ. Бірақ, оларды араластырып ботқа етіп іше алмайсыз ғой?
Қымыз бен шұбат екеуі де сүтті ашытып жасайтын сусын. Бірақ, ешқашан екеуін бірге қосып іше алмайсыз ғой. Ой ұқсайды ғой деп.
Тура солай бір-біріне ұқсайтын жерлері бар екен деп былықтыра беруге болмайды! Бұл құлдырауға алып келеді.
Онсыз да біздің білім саласының әлсіз тұсы болған жерді тағы да құлдырату. PISA көрсеткішінде математикалық сауаттылық пен жаратылыстану ғылымдары сауаттылығынан қай деңгейде болғанымызды ешкім ұмыта қоймаған шығар.
Айтпақшы, білім академиясының вице-президенті пәнді қосу қоспау құқы мектептің өзіне беріледі. Қаласа қоссын, қаламаса бөлек оқыта берсін, — дейді өз сөзінде.
Еу айналайындар, сонда қосып оқытатын мектептерге бір бағдарлама, бір түрлі оқулық жазып, бөлек оқитындарға бөлек жеке-жеке бағдарлама, жеке-жеке оқулық жазып бересіңдер ме?
Бір бағдарлама, бір оқулықты қатырып реттеп алыңдаршы.
Ертең оқушы бір мектептен бір мектепке ауысса, немесе ҰБТ тапсырғанда оқулықтар арасында, біріктірген, кіріктіргендер арасында шатасып жүрсін бе, әлде?
Айтпақшы, осыдан тура сегіз жыл бұрын Сәрінжіпов – Сағадиев жаңартылған бағдарлама тұсында бейнелеу өнері мен еңбекке баулу бірігіп көркем еңбек аталған. Оның қате екеніне көзі жетіп енді қайтадан бейнелеу өнері мен көркем еңбек пәніне бөлді.
Бір қосып, келесіде қате екен деп қайта бөлеміз бе? Бюджет қой, игеру керек. Басқа сөзім жоқ.
Айтпақшы, айранды ұйымасын десең шайқай бер, шайқай бер, — дейтін тәмсіл бар. Бағдарлама мен оқулықты да сол айранша шайқай бер, сол кезде білім саласының көсегесі ешқашан көгермейді.
Бұлардыкі де сол тірлік. Ал, мен үнсіз қалмау үшін айттым. Тыңдау тыңдамау солардың құзырында. Тыңдайтынына күмәнім бар, әрине!
Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ, білікті ұстаз.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.