Педагогқа “зообаққа басшы болуға” ұсыныс жасалған қоғамбыз

“Өзгерістегі 1000 көшбасшы” жобасының үміткерлеріне бұл кеңес пе, әлде нақты өмірден алынған кейс пе – өздеріңіз бағамдай жатарсыздар. Менің мақсатым – шындықты айту. Көпшілік білсін, дайын болсын.
Республикамыздың әр өңірінде бір-біріне ұқсас жағдайлар. Жобаға үміткер болып тіркелген сәттен бастап-ақ кейбір мектеп директорлары мен аудандық білім бөлімінің басшылары ашық қарсылық танытты.
Сертификат қолында тұрса да, «бізден өтпейді» деген көзқарас, «министрліктің бұйрығы бізге емес» деген қыңырлықты көріп отырмыз.
Министрлік нақты тапсырма берсе де, оны орындауға ешкім асығар емес. “Орындамайтын адам — орындамайды” деген сөздің мәнін көзімізбен көріп отырмыз. Бірге оқыған өте білікті маманға:
“Зоопаркке директор боласың ба?” – деп ұсыныс жасапты. Күлесің бе, жылайсың ба?
Жайлы мектеп бос тұр, жаңадан ашылатын мектеп бар, бірақ сол орындарға “ыңғайлы адамдар” дайындалып қойған сияқты. Басқа түсініктеме жоқ.
Бізді жануарларға жем-шөп беру үшін емес, бала тәрбиелеу үшін дайындады. Бала мен жануардың айырмасын ажырата алмайтын деңгейге жеткен шенеуніктер бар деген ой жаныңды ауыртады.
Намысы бар педагог зоопарктің директоры болуға келіспейді. Шатаспаңдар!
Тағы бір түйткіл – кейбір өңірлерде резервте дайын отырған көшбасшылар бола тұра, қайта конкурс жариялап, өз адамын кіргізуге тырысып жатқан жағдайлар. Бұл не? Ресми реформа ма, әлде көлеңкелі келісімдер ме?
Осыдан кейін не ойлайсыз?
Мақсат – өзгеріс пе, әлде бұрынғы жүйені жаңа атаумен сақтау ма?
Шын өзгерісті қаласақ, әділеттілікке басымдық беруіміз керек. Әйтпесе, реформалар тек презентацияда ғана әдемі боп қала береді.
Бәрі керемет емес! Алдамайық! Алданбайық!
Көшбасшылық шындықты жасыру емес!
Мәселені көрсе де, көрмегендей өңір әкімдері мен министрліктің әлжуаз болғаны ма? Сұрағым көп. Бірақ менде мәселе жоқ.
Жанар САҒЫНБАЙ, белсенді ұстаз.
Фото көрнекілік үшін.