«Пері ауыстырған бала»: Рухани жарымжан қоғамға айналдық

Алматыда тұрамын, үйім де орталықта болуға тиіс деген мақсат болды әу бастан. Білмеймін КО кезеңінде қазақ үшін жабық қалаға келгенде неге олай ойлағанымды… Қалалық тіркеуің болмаса, сен адам емессің! Сол уақытта.
Қазіргі қазақтардың көшеге қоқысын тастап, жан-жағына былш-былш түкіріп кетіп бара жатқанда желкесінен қысып, сыртқа шығарып тастаса деп ойлайтыным рас.
Оны жасырмаймын. Қалада қалу үшін кез келген қара жұмысты істеуге арланбадым. Нанымды адалынан тапқам. Бір-ақ жыл істеген сәбилер үйі де — соның бірі.
Жүрегі жұмсақ адам істей алмайды о жерде! Шыдамағаным сол. Түрлі тағдыр бар онда. Мәлік дейтін бала болды. Шешесі баласын өлді деп біледі. Солай айтқан. Бала мүгедек.
Буынсыз бала. Сүйек жетілмеген. Мойынын ұстай алмайды. Тек жатады. Жатып тамақ ішеді. Ыңылдап, уілдеп өз тілінде былдырлайды.
Ақыл-ойы да өте кеш дамып жатқан бөпе. Сол кезде ол 2-3 жаста болды-ау. 9-10 айлық секілді көрінетін. Дауна (диагноз) ол аз болса. “Күн баласы” делінеді, “пері ауыстырып кеткен бала” дейді қазақ.
Әкесі де, екі ағасы да кеп тұрады. Баланың реакциясы жоқ. Құшақтайды, шөпілдетіп сүйеді оны жақындары. Солай қасында отырып-отырып қайтады. Мәлік не жылауды, не күлуді білмейді. Денесі мамықтай жұмсақ, жеп-жеңіл.
Түрлі диагнозы бар 4-5 бала болды. Ақыл-ойы кем, дцп балалар. Қоғамға керексіз сәбилер. Кейбіреуі тек жылауды ғана біледі.
Өздігінен тамақтана алмайды, қажетін өтеуді білмейді. Тағдыр тастандылары. Тексеру кезінде олардың асты былғаныш болғанды қойып, өңірі сәл су болса, әкемізге танытатын.
Сөгіс аласың, сыйақыдан қағыласың дегендей. Дұрыс. Ол — тәртіп. Ол балалар ата-ана жылуы мен мейірімінен онсыз да шет қалған. Бізге солай түсіндіретін.
Бірде дәрігер әдеттегідей тексеру жасап жатты. “Бұл балалар неше жыл өмір сүреді? Азапты өмірді сүргенше қандай да бір укол салып… Не өмір бұл?”- дедім.
“Бәріміз солай ойлаймыз. Тіпті сондай заң болса да, сен уколды салар ма едің, мен — жоқ. Мұндай балалар онсыз да аз жасайды. 14-15 жас шығар”, — деді дәрігер. Бұл жағын ойламаппын. Құдайым-ай, мен ол кезде 21-ақ жаста едім ғой…
Бүгінде “ерекше бала” деп атап кеттік. Қалай жамандасаң да КО кезіндегі түсінік пен тәртіп басқа болатын. “Неге әке-шешесі бақпайды?”- деп сұрадым бір жолы дәрігерден.
“Бір баласына бола анасы үйде отырғанда сау екі баланы кім асырайды? Қала берді сау адам ауру балаға бола неге еңбек етпеуі керек? Ондай балаларды қарап күтетін арнайы мекемелер бар. Ата-анасы кеп тұрады. Біздегі балалар да үш жастан асқан соң сонда ауыстырылады”.
Қарт дәрігер солай деді. Кеңес Одағы кезі. Ауру бала да аз. Алматыда қаншама зауыт-фабрика да сақылдап істеп тұрған. Ал қазір ше? Аутист бала өте көп.
Оған тырысқақ ауруымен азапқа түсіп жатқан баланы қос. Мардымсыз жәрдемақы. Жұмыссыздық. Жүнжіген ата-ана. Біліксіз һәм білімсіз дәрігер.
Тұмсығының астында не боп жатқанымен шаруасы жоқ шенділер, билік һәм Үкімет! Пышақталған бала жайлы шырылдап жатқан, ауру бала жайлы жанайғайын жеткізіп айтып жатқан жай адамдар…
Екіге жарылған рухани жарымжан қоғам…
Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.