Пітір садақасы неге бидайдың құнымен өлшенбейді?

0
256

Пітір садақаға 640 теңге неге сүйеніп белгіленді деген сұраққа Мүфтият өкілі жауап берді деп хабарлайды Democrat.kz.

“Әлеуметтік желіде бір азамат пітір садақаға неге 640 теңге белгіленді? Базардағы бидайдың келісі 100 теңге ғой деген сұрақ қойыпты. Осыған байланысты жауабымыз, пітір садақасының бағасы халық тұтынатын ұн бағасымен өлшенеді. Биылғы пітір садақа бағасы еліміздегі ұн бағасының ортақ бағасынан шығарылды” деп жауап берді Елбек Тасболатұлы. Бұрын пітір садақа бидай келісінің бағасымен есептелмеуші ме еді? Неге соңғы кездері ұнның бағасымен өлшенетін болған?

“2021 жылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 420 теңге етіп белгіленді. Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (3580 теңге) немесе 4 келі құрмамен (7300 теңге) бергені жақсырақ” деп жазыпты Мүфтияттың ресми сайты.

Дәл осы сайт 2023 жылы “2023 жылғы пітір садақаның бағасы нарықтық орташа бағасымен есептеліп төмендегідей бекітілді: Бидай 2 кг – 340 теңге. Ұн 2 кг – 535 теңге. Арпа 4 кг – 520 теңге. Мейіз 2 кг – 4270 теңге. Құрма 4 кг – 8090 теңге” деп жазып, бекітіпті.

Бидай емес, ұнды тұтынатын болғандықтан деген не жауап? Бидай болмаса, ұнды қайдан тұтынады халық? Әлде бидайдың келісімен пітір садақасын алу тиімсіз бе?

Мүфтият тарапынан жауап ретінде берілген  видео астындағы пікірлер бізге де ой салды. “Қазақстанда ең қымбат ұнның бағасы 300 теңге. Ал қалған 340 теңге не үшін?”, “Бұған дейін бидай бағасымен еді, неге биыл ұнмен есептеліп қалды?”, “Келесі жылы 1 кило еттің бағасымен белгілейтін шығарсыңдар” дескен пікірлер сізге де ой салмай ма, оқырман?

Фото ашық дереккөзден алынды.