“Президент сіздерге ойыншық па?” деген заңгер НЗМ оқушысына қатысты пікір білдірді

Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы емтихан кезінде телефонмен ұсталып қалып, телефонын алып қойған мұғалімге “шалава” депті. Сол үшін мектеп бітіргелі тұрған оқушыны оқудан шығарған.
Бір Мәжіліс депутаты соңғы сәтте баланы оқудан шығарған дұрыс емес деп, мектеп ұжымын кінәлап жатыр екен. Баланың отбасы Қытайдан көшіп келген, қандастар, сондықтан орысша “шалава” сөзінің мағынасын білмеуі мүмкін екен.
Алайда баланың өзі Президентке Үндеу жасапты. Таза орыс тілінде. Яғни бала қазақшадан гөрі, орысшаға жетік деген сөз.
Бұл жағдайда тәртіпке бағынуды талап еткен ұстазға әлгіндей ар-намысқа тиетін сөз айтқан баланың (әлде бәленің) әрекетін балалық дейміз бе, әлде?..
Осы әрекет үшін оқудан шығарған мектеп әкімшілігін қатыгез дейміз бе? Бұл жерде оқушы бір емес, екі заң бұзушылық жасап отыр.
Қанша жерден ерке болсын, бұзық болсын, емтиханда телефонмен ұсталған бала кінәлі екенін сезінеді. Оның өрескел ереже бұзу екенін біледі.
Ұсталып қалған жағдайда, мұғалімге сөйлемек түгілі, сол үшін жазаланбасам болды деп тілейді. Қанша жынды, бұзық болса да. Ал мына бала қайдан шыққан Құдайдың еркесі?!
Депутатқа дейін сөзін сөйлеп, министрді менсінбей, Президентке Үндеу жасайтын?! Жалпы ұжымда бастықпен келіспей қалса да, отырып алып, Президентке арнап, әңгіме айту-қашаннан бері сәнге айналған?
Президент ойыншық па еді, анаған да, мынаған да, араластыра беретін? Салалық басшыларға, құқық қорғау органдарына жасау – тақияларына тар келе ме, әлде? Әркім өз жұмысымен айналысу керек қой.
Ал Сіздер қалай ойлайсыздар? Мұғалімге “шалава” деген (емтиханда тел.қолданған) оқушыны соңғы сәтте оқудан шығару тым қатал жаза ма?
Меніңше, елімізде заңның үстем етуін қалайтын болсақ, Әділетті Қазақстанды шынымен құрғымыз келсе, мектептен бастап, тәртіпке бағынуға, әр әрекеттің салдары болатынына, біреудің (бұл жерде өзін оқытқан ұстаздың(!) ар-намысына тиіп, балағаттаудың жазасы, заң алдында жауапкершілігі барын, нәтижесі өмір бойғы өкініш болуы мүмкін екенін осылай іспен көрсетсе, басқаларға да сабақ болар еді деп ойлаймын.
Заңның қаталдығын түсінген адам-ешқашан оны бұзбауға тырысады.
Ал біздің елде кез-келген нәрсе әке, көке, тамыр-таныспен шешілетінін ұғынған бала тура сол жең ұшынан жалғасатын жолмен жүреді.
Біреуге күйе жаға салу, хайп үшін атын былғай салу, ойланбай балағаттай салу, ар-намысына тию – түк емес боп қалады. Өйткені көкелерін салып, шешіп алатынын біледі.
Онда Әділетті Қазақстанды жуық арада армандамай-ақ қойсақ та, болады..
Ләззат АХАТОВА, заңгер.
Фото көрнекілік үшін.