Президент Тоқаев Әзербайжан президентіне жеделхат жолдады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиевкежеделхат жолдап, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуымен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тарихи құжат – 20 жылдық ынтымақтастықтың негізі
«Елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың басты бағыттарын қамтитын бұл тарихи құжат қазақ-әзербайжан байланысын дамытудағы маңызды кезеңнің басталғанын айқындап, көптеген сала бойынша өзара ықпалдастықты нығайтуға берік негіз қалады», – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Президент бұл одақтастықтың болашағы зор екенін, елдер арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеру үшін бірлескен күш-жігер жалғасатынын атап өтті.
Тоқаев екіжақты ынтымақтастыққа сенім білдірді
«Бірлескен күш-жігер арқылы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайтып, екіжақты ынтымақтастықтың орасан зор әлеуетін халықтарымыздың игілігі жолында пайдаланамыз деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.