“Президент Жеңістің 80 жылдығына орай келелі ойлар айтты” дейді Алмасбек Есмаханов

0
626

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында бірқатар маңызды ұлттық мерекенің мәні туралы, оның ішінде әлемдік маңызы бар тарихи оқиға – Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өту жайында тұшымды ойлар айтты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстан бүкіл еліміздің сенімді тылына айналғанын атап өтті.

«Республикадан майданға 1,2 миллионнан астам адам аттанды, оның жартысынан астамы елге оралмады. Майданға аттанған әрбір екінші қазақстандық азаттық пен бейбітшілік үшін жанын қиды. Оның ішінде екінші дүниежүзілік соғысқа Қызылорда өңірінен 150 мың адам аттанса, олардың 60 мыңы ғана елге оралды. Бүгінде өңірде көзі тірі екі ардагер ғана бар», – дейді Алмасбек Есмаханов.

Ол осы орайда «АMANAT» партиясының облыстық филиалы да Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы батырларына арналған ескерткіштерді және мемориалдық кешендерді абаттандыру бойынша өткізіліп жатқан ауқымды акцияға белсенді қатысып жатқанын тілге тиек етті.

Партияның «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында рухтас жастармен бірге ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне көмек көрсетілуде. Бұл игі шаралар бабалар ерлігін қастерлеп, келер ұрпаққа аманат етудің маңыздылығын көрсетеді.

«АMANAT» партиясының  бастамасымен жүргізіліп жатқан «Таза бейсенбі» ауқымды экологиялық акциясы апта сайын тұрақты түрде жүргізіліп отырады.  Онда партия белсенділері, еріктілер мен мүдделі азаматтар қоғамдық орындарды, мемориалдық алаңдарды, су айдындары мен саябақтарды  қоқыстардан тазартып тұрады», – деп толықтырды филиал төрағасы.

Айта кетері, науқан биылғы жылы – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ерекше мәнге ие болды. Өйткені соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіштерді тазартып, оларға қамқорлық жасау парызымыз.

«Жас ұрпақ ата-бабаларының ерлігін білуі, құрметтеуі тиіс. Бұл – елжандылықтың, отансүйгіштіктің негізі. Ұлы Жеңістің ұлылығы – оны жеңіп әкелген жандардың ерлігінде. Сондықтан ардагерлерімізді ұлықтау – мәңгілік парызымыз», – деп түйіндеді Алмасбек Есмаханов.

Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы өтті.

1600-ден аса делегат қатысқан сессияда Президент Жеңістің 80 жылдығына дайындық осыдан бір жарым жыл бұрын басталғанын атап өтті.

«Соған сәйкес біз «Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» жоспарын арнайы қабылдап, жүзеге асыра бастадық. Осы ауқымды жұмыстың аясында екі мыңнан астам мәдени, ғылыми-зерттеу, ағарту және басқа да іс-шаралар өткізіледі. Ең бастысы, әрине, мемлекет пен қоғамның ерекше қорғауында болатын құрметті ардагерлерімізге айрықша көңіл бөлеміз», -деді Қасым-Жомарт Тоқаев.