Президенттің сөзін бұрмалаудың еш керегі жоқ

Қазақ – саяси ұлт. Қазақстан қоғамының тұтастығын сақтау үшін не істеу қажет?
Көпшілік «қазақ – жеке дара бір этнос-ұлт» деп санайды. Кейде «қазақ – мемлекет құрушы ұлт» деп басқалардан ерекшелейтіндер бар. Ақиқатында, «қазақ қоғамы» дегеніміздің этнос ерекшелігіне, салт-дәстүріне, ұлттық айырмашылығына, наным-сеніміне қарамай ҚР азаматтығы бар «қазақстандықтар» деген біртұтас түсінік.
Сондықтан Қазақстан халқымыздың бірлігін ішкі стратегиялық саясат ретінде қарайды.
Қазақстан халықтары ассамблеясының жиынына қатысқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халқымыздың бірлігі мен татулығы – мемлекеттің ең негізгі құндылығы» деп ерекше атап өтті.
«Бұл – мемлекеттік саясаттың басты тұғыры. Осы саясат келешекте де өзгермейді. Бейбіт стратегияның арқасында түрлі этнос өкілдері бір шаңырақтың астында тату өмір сүріп жатыр. Бұл – жаһандану заманында нақты жетістік» деді Президент.
Шындығында да адамзат жерге, ұлтқа, дінге бөлініп қырғын соғысты басынан кешірді, қазір де осы факторларды желеу етіп кейбір елде қарулы қақтығыстар болып жатыр.
Балқан түбегінде болған ұлтаралық қақтығыс, Таяу Шығыста әлі де жалғасып жатқан өшпенді соғыстар сол алапаттың мыңнан бір мысалы ғана.Орталық Азияда да ұлтаралық кикілжің болды…
Қазақстан қалыптасқан қоғамдық келісімнің арқасында этносаралық, конфессияаралық кикілжіңдерге жол берген жоқ. Ондай қасіреттің бетін аулақ қылсын. Сондықтан халқымыздың тұтастығы мен татулығын сақтап қалу – Тәуелсіз елдігіміздің кепілі.
Дегенмен, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тіл мәселесіне қатысты айтқан сөзін әр саққа жүгіртіп, «қазақ тілін кемсітіп, орыс тілін дәріптеп жатыр» деген нарративті күшейтіп жатқандар бар.
Ақиқатты айсақ, президент «қазақ тілінде сөйлемеңдер, тек орысша сөйлейік» деген жоқ қой. Ол «елімізде азаматтар бір біріне немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуі тиіс.
Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады» деді. Яғни, президент «біреудің басқа адамды білмейтін тілінде сөйлеуге мәжбүрлеуге болмайды» деген ой айтты.
Бұл ой қазақ, не орыс, не өзбек, не басқа тілге қатысты емес. Қоғам бірлігі мен татулығын қамтамасыз ету үшін барлық тілге қатысты айтылған сөз. «Әрқашан нақты жағдайға қарап, байыпты саясатты басшылыққа аламыз.
Бұл, ең алдымен, мемлекеттік тілдің мәртебесін этносаралық қатынас тілі ретінде бекіту мәселесіне тікелей қатысты» деді президент.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметі бойынша, қазір мектеп түлектернің 80 пайызы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырады. Сонымен қатар жастардың осы пайызға шамалас бөлігі қазақ тілінде жоғарғы білім алып жатыр.
Бұл келешекте қазақ тілі мемлекеттің тілі болып орнығады деген сөз. Сондықтан жоқ жерден айқын айтылған сөзді бұрмаламайық.
Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.
Фото көрнекілік үшін.