Президенттің сөзінен кейін кейбіреулер айғайлай бастады

Астанада қазақша сөйлеген балаға сатушы қоқан-лоққы көрсеткен деп хабарлайды Democrat.kz. сайты Juzmedia. kz-ке сілтеме жасап.
Журналист Кәмшат Тасболат Facebook парақшасында бөліскен жазбасында өзі екі баласымен барған дүкенде қазақ тілінде қызмет сұраған 6 жасар балаға сатушы тарапынан қоқан-лоқы көрсетілгенін баяндады.
Сатушы балаға «Ты сейчас получишь! Не слышала, что президент сказал, таких будут наказывать!» деп тіл қатып, кейін «Ага, маленькие нацпаты растут» деген. Бұл жағдайға куә болған анасы дүкен қызметкерінің әрекетін дөрекілік, әрі тіл мен тұтынушы құқығын аяққа таптау деп бағалап отыр.
Оқиға мемлекеттік тіл мәртебесіне және тұтынушы құқықтарына тікелей қатысты бірнеше заң талаптарының орындалмай отырғанын көрсетті:
- «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының 21-бабы бойынша, көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде жазылуы тиіс. Алайда бұл дүкенде қазақ тілінде бірде-бір мәлімет болмаған.
- «Жарнама туралы» Заңының 6-бабына сәйкес, жарнама алдымен мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда басқа тілдерде берілуі тиіс. Бірақ дүкен тек ағылшын және орыс тілдерінде қызмет көрсетіп, мемлекеттік тілді мүлде елемеген.
- Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 453-бабы мұндай заңбұзушылықтарға айыппұл қарастырады. Шағын кәсіпкерлік субъектісі ретінде дүкен иесіне 50 АЕК (184 600 теңге) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
Бұл жағдай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХА жиынында жасаған “азаматтардың бір-бірін қандай да бір тілде сөйлеуге мәжбүрлеуіне болмайды, ел ішіне іріткі салуға тырысқандар заң алдында қатаң жауап береді”, деген мәлімдемесінен кейін болып отыр.
Бұл оқиға — елдегі қызмет көрсету саласында қазақ тіліне немқұрайлықпен қарау фактілерінің әлі де жиі кездесетінін көрсетеді.
Қоғам белсенділері мен тіл жанашырлары қалалық Тілдерді дамыту басқармасы мен құзырлы органдарды осы жағдайға құқықтық баға беруге шақырып отыр.
“Тұтынушы тілі — қазақ тілі. Тілге құрметсіздік — тұтынушыға құрметсіздікпен тең. Мұндай дүкендер заң алдында жауап беруі тиіс”, — дейді желі қолданушылары.
Фото әлеуметтік желіден.