Психолог бүкіл тоқалдарға үндеу жолдап, ескерту жасады
ТикТок әлеуметтік желісінде танымал болған психолог-коуч Динара Арыстан бүкіл тоқалдарға үндеу жасады деп жазады Democrat.kz.
«Құрметті, екінші әйел болуды сүннет дейтін қыз-келіншектер! Егер сіз екінші әйел болу пайғамбардың сүннеті деп, полигамды қарым-қатынасқа келісім беретін болсаңыз, қателесесіз.
Жағдайын жасап алған, аяқтан тұрған еркек, өз отбасы бар еркек «менің жағдайымды жасайды» деп ойласаңыз, сіз әділетсіздікке ұрынғаныңыз.
Себебі еркек бірінші әйелінен асып, сіздің жағдайыңызды жасайды деп ойламаңыз. Ол еркек ең бірінші өзінің сексуалды қажеттілігі үшін сізді екінші әйел етіп отыр.
Ол тек өзі керек еткенде ғана сіздің есігіңізді қағады. Ал басқа уақытта ол өзінің ресми әйелінің жанында болады. Сіз материалдық қажеттілігіңіз туралы өтініш жасай бастасаңыз, «сен тойымсызсың, шүкірің жоқ» деп шығады ондай еркектер.
Сонымен қатар ондай еркектер сіз жұмыс істеп, өзіңіз ақша тапқыңыз келсе, «бұл — күнә, тозақта жанасың» деп қорқыта бастайды. Тіпті болмаса, «сабырлы бол» деп алдарқатады.
Өз құныңызды біліңіз. Екінші әйелді «сүннет» деп алған отбасылы еркектің басты мақсаты — төсек қатынасы ғана. Егер еркектің бірінші әйелінде әлдебір сексуалды проблема болмаса, ол екінші әйел алуды ойламайды да, осыны ұмытпаңыз», — деді Динара Арыстан.
Дайындаған — Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.
Фото видеодан скринделіп алынды.