Пышақталып өлтірілген мектеп директоры екен

Алматыда азаматтық некедегі күйеуінің қолынан қаза тапқан әйелге қатысты жаңа деректер пайда болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Halyqstan Telegram арнасының мәліметінше, қаза тапқан 34 жастағы әйел Ұзынағаш ауылында мектеп директоры қызметін атқарған. Алдын ала мәлімет бойынша, әйелді азаматтық некедегі күйеуі үш бірдей кішкентай баласының көз алдында пышақтап өлтірген.
Ер адам әйелге бірнеше рет пышақ жарақатын салып, артынша өзіне қол жұмсауға әрекеттенген.
Алматы қалалық полиция департаменті 39 жастағы күдіктінің бұрын Алматы облыстық полиция департаментінде жұмыс істегенін растады.
“Күдікті қылмыс орнында ұсталып, ауыр халде медициналық мекемеге жеткізілді. Қазір ол күзетпен ем қабылдап жатыр. Бұрын ол Алматы облыстық полиция департаментінде қызмет еткен, бірақ теріс себептермен жұмыстан босатылған”, – делінген ресми мәлімдемеде.