Ресейдегі су тасқыны бізге әсер ете ме?

0
348

Ресейде су тасқыны енді басталған сияқты. Оның бізге әсері бар ма? Ресейдің бізбен шекаралас аймақтарының ауа райы бізден суық болғандықтан, мұз бен қар енді еріп, өзен сулары енді көтеріле бастағандай.

Күні кеше ғана Орынбор облысының Орск қаласындағы су қоймасы жарылып кетіп, Орск қаласын су шая бастады. Бұл қала біздің шекарамыздан 15-18 шақырымда жатыр екен. Едәуір үлкен қала екен, 150 мыңнан астам тұрғыны бар. Қаланың үш ауданының екеуі су астына кететін қауіп бар. Түнде су басқанда үш адам көз жұмып, 6 адам жоғалып кетіпті. 4 мыңнан астам үй бір түнде суға кеткен.

Орск қаласы ғана емес, Орынбор қаласының шеткері аудандарына да су кіре бастаған. Мыңдаған адамды қауіпсіз аймаққа кетуге шақыруда. Көшкісі келмейтіндерді полициямен күштеп эвакуациялау басталған.

Бұл екі қала да Урал өзенінің бойында жатыр. Уралымыз Жайық қой. Өздері де Яик дейтін, қазір Урал дейді. Өзеннің суы қазір 9,3 метрге жеткен, түнде ғана 7 метр еді. Сұмдық су келіп жатыр. Бұл су Қазақстанға жете ме, жоқ па белгісіз. ТЖМ Орск дамбасының жарылуынан туындаған су Қазақстанға жете қоймайтынын айтқан, ресейлік сарапшылар да солай дейді. Алайда Жайық суының көтерілуі әсер етуі мүмкін-ау. Оған қатты дайындалу қажет.

Жалпы Ресей аймақтарындағы су тасқыны солтүстігіне қарай жылжып барады екен. Өйткені ауа райы оңтүстіктен солтүстікке қарай жылынып келеді. Челябі, Алтай, Омбы, Самара, Новосібір аймақтарында да су тасқыны басталған. Өзендер суы көтеріліп жатыр екен.

Ресей ақпарат көздері Орынбор аймағындағы су тасқынын соңғы бір ғасырда болмаған тасқын деп жазуда. Марий Элде де су қоймасы жарылған деген ақпарат бар, алайда бұл нақты емес.

Асхат Қасенғалидің

Facebook парақшасынан.

Фото ашық дереккөзден алынды.