Ресейлік Грэйс Бишімбаевты жақтап, бізге ақыл айтуға келген бе?

0
230

Қуандық Бишімбаевтың сотына ат арытып сонау Ресейден келген нейропсихолог Наталья Грэйс бізге “ақыл айтып”, Бишімбаевтың ата-анасын жақтаған сұхбатын Ютуб арнасында жариялады деп хабарлайды Democrat.kz. Ақпараттық порталы.

Біріншіден Қазақстандағы оқиғаға қатысты өзге елдің білгішінің баға беруі қаншалықты қисынды? Екіншіден, әлгі нейропсихолог Салтанат Нүкенованың ағасы қарындасының өлімінен коммерциялық пайда көруде дегені тіпті сорақы шықты.

Қарындасын біреудің баласы ұрып, соғып, тепкілеп өлтіріп жатқанда, ондай өлімнен ешбір қазақтың баласы ақша табуды ойламайтынын ресейлік адамның білмеуі де, түсінбеуі де әбден мүмкін. Өйткені ресейлік халық пен қазақстандық халықтың жандүниесі мүлде ұқсамайды.

Жә, ресейлік білгіштің сұхбатына келейік. Сонымен сұхбат барысында не айтылды? Бишімбаевтың анасы жағалауда серуендеп келе жатқанында бейтаныс әйелдің “апай, берік болыңыз, біз сізді түсінеміз. Қолдаймыз” деп айтқанын сөз етіп, өзіне осылай жанашырлық танытқан кісінің сөзі демеу бергенін айтады.

Иә, ана баласын жамандыққа қимайды. Бұл өзгермес заң. Алайда мың жерден балаң болса да, сол балаң айуанның тірлігін жасап жатса, ондай әрекетке қолдау күту… Қалай түсінбек керек?

“Балам ешқашан қатыгез болған емес! Ол әрқашан әділ болды. Бізге қамқор болды” дейді Альмира Нұрлыбекқызы. Ал  “Соттың орнында болсаңыз сіз қандай жаза берер едіңіз?” деген сұраққа Қуандықтың әкесі Уәлихан Бишімбаев: “Иә, балам кінәлі. Біз үшін бұл ауыр трагедия. Салтанат қызымыздай болды. Екеуі бір бірін сүйді. Алайда бұл жағдай ақылыма сияр емес” десе де, сұраққа нақты жауап бермеді.

Мұнан кейін Бишімбаевтар өз отбасының керемет үлгілі, тәрбиелі болғанын сипаттайды. “Қуандық -көптен күткен баламыз болды. Махаббатқа қанып өскен бала болды” дейді Альмира Нұрлыбекқызы.

“Балаңыз Салтанатты қасақана өлтіруі мүмкін бе?” деген сұраққа “бұл туралы қаншама рет ойладым. Ондай болуы мүмкін емес. Қуандық Салтанатты қатты жақсы көрді. Қуандық өте мейірімді, қамқор адам” дейді Бишімбаевтың анасы.

Наталья Грэйс сот залынан шыққан үзіліс кезінде қазақстандық журналиспен сөзге келіп қалғанын айтады. Грэйстің сөзіне сенсек, біздің журналист “бұл сот қашан бітіп, Бишімбаевты қамайды?” депті. “Біздің қоғамда Бишімбаевты қамауға деген қара ниет басым” деп өзінше “біз” деген тұрғыда пікір білдіреді.

Біріншіден, Грэйс біздің қоғамның мүшесі емес. Екіншіден, тағы да қайтаталауға тура келіп отыр Қазақстан халқына басқа елдің өкілі ақыл айтатындай, біздің жұртымыз жапанда жалаңаяқ кезген надандар емес.

Бұл аздай, Грэйс Қуандықтың әрекеттеріне өзінше баға беріп, Салтанаттың өлімі аффективті, байқаусызда болған жағдай сияқты деген пікірін тықпалауға барынша күш салады.

“Қажет болса, Салтанаттың мәйітін жоқ етіп жіберер еді ғой. Алайда Қуандық ондай әрекетке бармады” деген сөздерімен Грэйс ішкі ниетін ашық көрсетіп берді.

Фото ашық дереккөзден алынды.