Риелтордан алданбау үшін нені білу керек?
Қазір көпшілік жалға пәтер, кеңсе, ғимарат алу үшін риелторлардың қызметіне жүгінеді. Бір қарағанда, мұндай қызметке жүгіну тиімді секілді көрінеді. Дегенмен, кейде адамдар риелторлардың алдауына түсіп, үйінен, ақшасынан айырылып қалып жатады. Осы орайда Kazinform агенттігінің тілшісі еліміздегі өзін-өзі реттейтін риелторлар ассоциациясы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненкомен тілдескен еді.
— Елімізде риелторлардың қызметін кім бақылайды, қадағалана ма?
— Риелторлық қызмет — кәсіпкерлікке жатады. Тиісінше кәсіпкерлік қызмет туралы заңмен, азаматтық және салық туралы кодекспен регламенттеледі. Мемлекет тарапынан бұл саланы жекелеген заңға тәуелді актілермен реттеуге күш салынып, Қазақстан риелторлары қауымдастығының мүшелерін тарта отырып , техникалық комитет құрылды. Сондай-ақ, 2020 жылы риелторлық қызметтер ұлттық стандарты қабылданды.
— Риелторларға қызмет көрсетуі үшін арнайы лицензия беріле ме?
— Жоқ, себебі риелторлық қызмет елімізде лицензияланған қызмет түрлеріне жатпайды.
— Жалға пәтер немесе кеңсе тауып беретін риелторлар қызметі үшін бағаны өздері қояды және ақы жыл сайын өсіп жатыр. Бұл мәселені қалай шешуге болады?
— Бұл миф, риелтор пәтерді сату құны бойынша да, жалдау құны бойынша да шешім қабылдамайды. Риелтор ұсыныстар бере алады, бағаны пәтер иесі шешеді. Бұл жерде мәселе пәтер немесе ғимарат иесіне де қатысты. Олар риелтордың қызметін төлегісі келмейді және іздеуге де аса ниетсіз. Сондықтан аз ақы үшін төлегені үшін кейбір риелторлар жоғары бағаны өзі қойып жатады. Ол риелторлар имиджін бұзады. Жалпы халық арасында риелторлар туралы жағымсыз пікірлер бар, көбісі олар ақшаны жеңіл әрі күректеп тауып жатыр дейді, олай емес. Риелторлар клиентке пайдалы кеңестер береді, ұсыныстар жасайды, дегенмен бұл жерде бағаны көтеруге объект иелері бейім. Нарықпен жақсы таныс риелторлар ұсыныс, кеңесті жалға алушыларға ғана емес, пәтер иелеріне де бере алады. Пәтер немесе кеңсені екі жақ үшін де тиімді бағамен әрі аз уақыт ішінде жалға берудің (сатудың) жолдарын іздейді. Тек ісіне берілген, уәдесіне нық риелторды іздеп, таба білу керек.
— Көп адамдар тұрғын үй алам деп (әсіресе үлкен қалаларда), риелторларға алданып жатады. Осы орайда не істеу керек?
— Алдымен қызмет көрсету туралы шарт жасап, оған екі жақ қол қоюы керек. Онда қызметтің сипаты, төлем құны мен мерзімі көрсетіледі. Барлығы оңай. Алдандыңыз ба? Мәселені шешу оңай, себебі қолыңызда шарт бар. Клиенттер арзан бағамен, бірақ толық жабдықталған, әдемі үй алғысы келеді. Арзан бағадағы жарнаманы көріп соған жүгіреді, кейбір адамдар шартты оқымайды, қол қоя салады. Арзан риелтор тапқанына мәз клиент соңында алданады. Біз ондай әрекеттердің барын жасырмаймыз. Сондықтан алдымен шартпен дұрыстап танысу керек, ол жерде қызмет толық көрсетілмеген жағдайда компания жауап бермейді деп жазылуы мүмкін.
— Маман ретінде риелторларға алданып қалмау үшін қандай кеңес бересіз?
— Жылжымайтын мүлік саласындағы нағыз мамандарды іздеңіз. Өйткені нарықты жалған қызметтерден тазарту үшін қолданылып жатқан шаралар аз. Клиенттерге ісіне адал риелтор табу қиынға соқса, бізге де оңай емес. Себебі алдап, арбайтын риелтор сұмақтардың әрекеті жалпы риелторлық қызмет саласына кері әсерін тигізіп жатыр. Жалған жарнамалар көп. Ең бастысы – риелор қызметіне жүгінгенде ресми түрде шарт жасасып, онымен танысып, сосын барып қол қою қажет.
Фото ашық дереккөзден алынды.