“Сабақ алуымыз үшін тағы қанша бала өртеніп өлуі керек?” дейді журналист

Белгілі журналист Ришат Асқарбекұлы Батыс Қазақстан облысында болған бес баланың отқа орану оқиғасына қатысты пікір білдірді деп жазады Democrat.kz.
“Жантүршігерлік оқиғаға кімді кінәлауға болады? Балаларды қатар-қатар өмірге әкеліп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген ата-ананы ма? Әлде қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайын жасай алмай отырған жергілікті билікті ме?
Бір үйдің бес баласы түтінге уланып қаза болды. Ең үлкені бес жаста, қалған төртеуі 2020, 2021, 2023, 2024 жылы туған бүлдіршіндер. Барлығы ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлер ешқайсысын құтқарып қала алмаған. Өте өкінішті. Жақындары үшін тым қайғылы жағдай.
Енді облыс әкімі бес баланың қазасына қатысты пікір білдіріп, былай депті: Жергілікті атқарушы органдар тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі. Жерлеу рәсімін ұйымдастыру, психологиялық қолдау көрсету, баспанамен қамтамасыз ету және басқа да әлеуметтік қолдау шаралары қолға алынады.
Баспанамен қамтамасыз ету, басқа да әлеуметтік көмек дейді. Енді бұл отбасына баспананың, әлеуметтік көмектің қажеті бар деп ойлайсыңдар ма?! Осы отбасының жағдайымен таныспаған әлеуметтік сала басшыларын, от жағатын құрылғысын тексермеген төтеншеліктер жауапқа тартылады, деп айтса әкімнің аузы қисая ма?
Осыдан 5 жыл бұрын Астанада дәл осындай оқиғадан бір үйдің 5 қызы бақилық болып, ел бір дүрлігіп еді. Тура сол оқиғаға ұқсас жағдайда 5 жылдан соң тағы 5 бүлдіршіннің құрбан болғаны өзекті өртейді. Осы қанқұйлы оқиғалардан сабақ алу үшін тағы қанша бала құрбан болуы керек?” деп жазды Ришат Асқарбекұлы.
Фото көрнекілік үшін.