Сақалдының қолына билік тисе, елден де, ұлттан да айырыламыз

0
1061

Сақал пропағанда құралы! Саяси билік «сақалдылардың» қолына тисе ұлттан да, елден де айырыламыз… Атырау мен Шымкентте 6-7 жыл бойы жат ағымдармен күрескен экс-шенеунік, журналист әрі белгілі баспагер Шыңғыс Мұқан қазақ спортындағы сақал-мұрт мәселесін сөз етіп, кейбір діни атрибуттардың түпкі мақсатын ашып айтты деп жазады Шындықтан қаша алмайсың.

«Үкілі үмітіміз болған боксшылар мен балуандарды қарап отырып, бір ұқсастықты байқадым: көбінің сақалы бар да, мұрты жоқ екен. Содан алдым да Еркінбек Шоқай қариге хабарластым. Кезінде Атырауда бір топ жігіт болып ағымдармен бірге күрестік.

Ерекең тәптіштеп түсіндіріп берді: “Мұртты басыңдар деген бар. Оның екі түсіндірмесі бар: біріншісі, мұрт ерін мен ауызды жауып қалатындай бей-берекет өспесін десе, екіншісі тері көрінетіндей алып таста дейді. Жалпы бұл сәләфилерге, басқаларға емес, жалпы мұсылмандарға ортақ дүние”, — деді.

Бокс пен күрестегі жігіттер сәләф па, басқа ма, кімнің пәтуасын тыңдап жүргенін білмедім, бірақ оларға сақал-мұрт не балақ сияқты сыртқы атрибуттары маңыздырақ секілді. Ал шын мәнінде сырты емес, ішкі мәні, мінез-құлқы маңызды болғаны жөн.

Мен білетін Еркінбек Шоқай ижазаның иегері, діни білімі әлгі спортшылардан артық екені анық, бірақ сақал-мұрт қоя бермейді, менің байқағаным.

Соған қарағанда дінді терең білмейтіндер оны шарттар тізбегі деп түсінсе керек, меніңше.

Ал шын мәнінде, тағы да менің ойымша, дін — бұл шарттылық емес, мәдениет, ал мәдениет адамның мінез-құлқынан көрініс табады, яғни материалданады. Мүмкін, имандылықтың деңгейлері болса, шарттар — бастапқы деңгей, мәдениет — ақырғы деңгей шығар.

Спортшылардың діни шарттарды орындағаны дұрыс емес деп отырғаным жоқ, әрине, бірақ “діні бар да, ұлты жоқ…” діни идеологиялардың жетегінде кетіп, өзі мен өкілі болып туған ұлтының бірегейлігін жоғалтып алмаса екен дейсің. Ондайларды талай көрдік, бетін аулақ қылсын, олардың түрі жаман. Олар массаға айналып, саяси билік қолына тисе, ұлттан да, елден де — бәрінен айырыламыз» дейді Шыңғыс Мұқан.

Оның пікірінше, бүгін қаһарман болып жүрген спортшылар балалар мен жастарға үлгі.

«Сақал қоя ма, жоқ па, әркімнің өз еркі, десе де кейбір атрибуттар теріс ағымдардың насихаты үшін қолданатын ерекшелік белгісі. Ал бұл белгілер өскелең ұрпақты адастыра ма деп қорқамын.

Атырау мен Шымкентте 6-7 жыл жат ағымдармен күрескен тәжірибесі бар адам ретінде “қауіп еткеннен айтамын”. Мәселен, Атырауда орталық көшелермен қара киімділерді әдейі әрлі-берлі жүргізіп қояды екен, халықтың көзі үйренсін деп…

Демек, атрибуттар — пропаганданың құралы. Яки, теріс ағым идеологтары қатарын көбейту үшін ойлап тапқан насихаттың бір түрі» дейді журналист.

Шыңғыс Мұқанның пайымдауынша біздің спортшылар теріс ағымдардың жемтігі, мүмкін құрбаны болып жатқанын ойлана бермеуі де мүмкін. Журналистің мұны идеологиялық соғыс деп есептейді.

«Сондықтан публикаға алып шығатын адамдардың, елдің атынан жарысқа қатысатындардың жүріс-тұрысы мен үсті-басына мән бергені жөн. Атрибуттарды біліп-білмей насихаттап жүргендер балаларымыз үшін шамшыраққа айналып кетпесе екен. Жастарға сақалды спортшылар емес, адамзаттың бейнетін жеңілдеткісі келетін ғалымдар үлгі болғаны абзал.

Айтпақшы, Елдостың сақалын алдырып тастағаны (мүмкін осыны түсініп өзі алып тастады) дұрыс болды. Әкімдіктен біреу-міреу ескерді әрі ескертті деп үміттенемін.

Сақалдың бар-жоғы Елдостың иманын ия жоғарлатады, ия түсіреді деп ойламаймын. Иман әркімнің өз жүрегіндегі дүние. Иман бетке сақал болып шығуы тіпті міндет емес. Ол, шынында да, болса, кісі жүзін нұрландырып тұрады. Ескерту: бұл жеке пікірім, демек қателесуім де мүмкін» дейді Шыңғыс Мұқан.

Сарапшының пікірі орынды ма?