Сәкен Майғазиевтың ақылы “онлайн тойы” Мемлекеттік кірістер комитетінің назарын аударды

Белгілі әнші Сәкен Майғазиевтің ұлының үйлену тойын онлайн форматта ақылы түрде көрсетуіне қатысты Мемлекеттік кірістер комитеті пікір білдірді.
Айта кетейік, өнер иесі ұлының тойына қатысу ақылы екенін жасырмады.
“Әділет пен Әдияның тойына онлайн қонақ болу үшін тіркеу басталды. Тіркелу құны – 1380 теңге”, – деп жазды Майғазиев.
Stan.kz тілшісі Мемлекеттік кірістер комитетіне хабарласып, салық мәселесіне қатысты пікір сұрады.
“Онлайн-тойға” қатысу үшін 1380 теңге төлеу – табыс табуға бағытталған кәсіпкерлік қызмет. Егер іс-шараны ұйымдастырушы жеке кәсіпкер (ЖК) немесе заңды тұлға ретінде тіркелген болса, ол алынған табысты декларациялап, қолданылатын салық салу режиміне байланысты жеке табыс салығын төлеуге міндетті:
• шағын бизнес субъектілері үшін жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимі қолданылған жағдайда – 3%;
• ЖК үшін жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимі кезінде – 10%;
• заңды тұлғалар үшін – 20%.
Ұқсас салық салу тәртібі салтанатты іс-шараларды ұйымдастыру саласында қызмет көрсететін субъектілерге де қолданылады. Бұған мейрамханалар мен банкет залдары (тамақтандыру және орын-жайларды жалға беру қызметтерін көрсететін), сондай-ақ жүргізушілер (тамада), әртістер, музыкалық және би ұжымдары, іс-шараларды өткізу шеңберінде қызмет көрсететіндер жатады”, – деді ресми өкілі.