Салафиттердің арасынан шыққан қыз олар туралы талай сұмдықты айтып берді

0
1478

Заңгер Айгүл Орынбектің  Ютуб арнасында салафитпен 13 жасынан бастап өмір сүрген сарыағаштық Айшамен жасаған сұхбатының толық нұсқасы шықты деп хабарлайды Democrat.kz.

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының қызы 18 жасар Айша өзінің салафиттер арасында өткен өмірін баяндап берді. Айша 13 жасқа толғанда, Жеңісбек Тағаев деген салафит оны зорлаған. Зорлап қана қоймай, «ешкімге айтпа, айтсаң, жалаңаш фото-видеоларыңды жұртқа көрсетем» деп қорқытқан.

Жеңісбек — 40 жастан асқан, «Сарыағаш-Алматы» автобусының жүргізушісі. Айшамен имам некесін де қимай, ерлі-зайыпты болып үш жыл бірге тұрған. Айшаның айтуынша Жеңісбек сияқты салафиттер бір әйелді алып, екіншісін тастап, үшіншісімен бас қосып жүре береді. Сондай-ақ олардың жамағатында еркектің айтқаны болады, еркектің сөзі — заң.

Жеңісбектен түрлі зорлық-зомбылық, қорлық көрген Айша көп ұзамай, одан қашып кетіп, басқа бір салафит еркекке үшінші әйел болып тиеді. Алайда кейінірек Жеңісбек Айшаны тауып алып, үйіне қайтадан алып кетеді.

Сенімдері «Ахлә суннә уә жамағат» деп аталатын қауымның өкілдері өте көп екеніні айтқан Айша Әбу ханифа мәзхабындағылармен мүлде араласпайтынын, араласуға тыйым салынғанын айтады.

«Матруди ақидасындағылар шарап іше береді. Бізде ішпейді. Матруди намазды әйелімен қатар тұрып оқиды, ал бізде әйел еркектің артында тұрып оқиды. Бізде тек қана қара ниқаб кию бұйырылған. Басқа түстен немесе хиджаб киюге болмайды. Егер ниқабымды шешсем, діннен шығарып жібереді», -дейді.

Мұнан бөлек, салафиттер 4-5 әйел алып, қалаған күні біреуіне барып жүреді екен. Сондай-ақ 4 әйелімен бір үйде тұратын қаншама еркек дәл қазір Сарыағаш ауданында барын айтқан Айша салафиттер үшін бұл қалыпты жағдай екенін айтады.

«Ахлә суннә уә жамағат» ағымының өкілдері көбінесе ұялы телефон жөндеу, сату сияқты кәсіппен айналысады. 4-5 әйелі материалдық дүние тұрғысынан бір нәрсе сұрауына тыйым салынған. Барға шүкір етуге тиіс. Өйткені баяғы мұсылмандар барға қанағат етіп өмір сүрген. Екінші тұрмысқа шыққан салафиттің 5 балалы әйелі бар еді. Кейін ол әйелден ажырасып, 5 баласымен тастап кетті», — дейді Айша.

«Жеңісбек 17 жасар құрбымды үйге әкеліп, менің көзімше төсектес болды. Ол қыз қазір Ақтауда. Полицияларды «үш әріптер» дейді, «оларды бізден қорқатындай ету керек» дейді. Мені ұрып-соққанда, полицияға шағым бергем. Алайда полиция оны бостандыққа шығарып жіберді», — деген Айша мұндай заңсыздықтардың талайы болып жатқанын тілге тиек етті.

«Мен сияқты мектепке бармай, осындай дін адамдарының әйелі болып талай қыз жүр. Мен де 7 сыныптан кейін мектепке бармадым. Кейін ақша беріп, 9 сыныпты бітірді деген құжат жасатып берді. Көрген қорлық, зорлықтарымды ата-анама айтқанмен, түк шықпайды. Өйткені Жеңісбектің ақшасы, танысы көп. Жеңісбек ешкімге бағынбайды, оған бағынатындар бар. Дін жағынан имам дәрежесіне жеткен адам. Менің осы сұхбатым шыққан соң, жамағат тарапынан қастандық жасалуы мүмкін», — деген Айша құқығы қорғалып, Жеңісбектен құтылған соң сауатты дінтанушы мамандармен сөйлесіп, дәстүрлі дін туралы білім алар ма едің деген заңгердің сұрағына:

«Ол үшін ең алдымен намазхан, салафит, ахилардан рұқсат алуым керек. Бізде олардан рұқсат алмай  ешкіммен дін туралы сөйлесуге болмайды. Ахилар ақыл алатын кісілер Мекке- Мәдинада тұарды. Шейхтар не айтса, соны орындауға тиіспіз. Пайғамбардың сүннетімен жүрмейтін, намаз оқымайтын, сақал қоймайтын, Ислам дінінде болмаса ондай адамдармен сөйлесуге мүлде болмайды», — деп жауап берді. Ал «өмірдің мәні не?» деген сауалға:

«Үйде отыру, құран оқу. Маған үйретілгені, айтылғаны — осы. Маған қазір тұрмысқа шығуға болмайды. «Ахлә суннә уә жамағат» адамынан аяғым ауыр. Неке қиылмай бала көтергем. Ал егер тұрмысқа шыққым келсе, онда ең алдымен босануым керек. Сосын 3 ай 1 апта идда күтуім керек. Сосын біреуге күйеуге шығып, одан ажырасқан соң ғана өзімнің баламның әкесіне тұрмысқа шығып, неке қидыра аламын»,- дейді Айша.

Дайындаған — Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.

Democrat.kz.

Фото крнекілік үшін интернеттен алынды.  

Видеоның толық нұсқасы төмендегі сілтемеде.