Сарыағаш медресесі: Тағы бір сұмдықтың беті ашылды

0
2432

Балаларға бұтын уақалатып «тәрбие» беретін имамы бар Сарыағаш медресесіне қатысты тағы бір сорақы жағдай әлеуметтік желілерде жайылды деп жазады Democrat.kz.

«Сарыағаш медресесінде электрошокер бар ма? «Дедовщина» ше? Таң намазына тұра алмай ұйықтап қалған баланың «құлағына шайтан сиіп» кете ме?» деген сауалдарға жауап іздеген танымал журналист Ораз Әлімбеков жаман аты шығып жатқан медресеге қатысты басқа да сорақы жайттар туралы жазба жариялады.

«Мүфтиятқа қарайтын Сатыбалды Әбішұлы атындағы Сарыағаш медресесінің бас ұстазы Әбдіжаппар Смановтың (оны шәкірттер «Қажы-Ата» деп атайды) таң намазынан соң уағыз айтып отырып бұтын уқалатқан видиосынан кейін әлеуметтік желіге жан-жақтан ақпарат борады.

Смановтар және оның жақтастары Әбдіжаппардың бұтына массаж жасаған балалар оның жиені мен немерелері деді. Бұған көпшілік сенбеді.

Осындай жағдайда Смановтардың сөзін жартылай теріске шығаратын мәлімет тарады (скрин суретті қараңыз). Онда Әбдіжаппардың бұтын уқалаған балалардың ең үлкені Әбдіжаппардың немересі емес, ол медреседегі шәкірттердің кураторы (кейде старостасы деп те айтады) екені айтылған.

Ол медресенің режимі мен тәртібін бұзған шәкірттерге күш қолданады екен…

Мен осы мәліметтің ақ-қарасын анықтау үшін мүфтият маңындағы құпия дереккөзіме және медреседе оқыған бір баланың әкесіне хабарластым.

Олардың екеуі де медреседе «дедовщина» барын растады. Шәкірттер аймақ-аймаққа бөлінген. Оңтүстіктің тобы медреседе басымдылыққа ие.

Олар батыс өңірден оқуға келген шәкірттерге қатты қысым көрсетеді екен. Жатақханада берілетін тамақ нашар, дәмсіз.

«Пәшти балалар күніне үш мезгіл таңертең дайындалған палауды жейді. Палаудан еттің түйіршігін табу қиын. Дәмсіз палаудан әбден ығыры шықты балалардың» деді аты жөнін атамауды өтінген әке.

Былтыр бірнеше ата-ана баласын Сарыағаш медресесінен шығарып, Астана мен Алматы жақтағы медресеге апарып тапсырған. Олардың ішінде имамдардың да баласы бар.

Дереккөздің айтуынша, жас балаларды жұмыс істеуге мәжбүрлеу және қысымға ұшырату медресе ұстаздарының тәрбиелік уағызынан туындап жатыр.

Ұстаздар үнемі «таң намазына тұрмай ұйықтап қалған баланың құлағына шайтан сиіп кетеді» дегенге саятын уағызды үдетті.

«Сол уағыз-насихатты тыңдамайтын балаларды кейде тәрбиешілер, кейде ересек старосталар жазалайды. Бұл «Аюға намаз үйреткен таяқ» деген тәмсілге сәйкес медресенің тәрбиесі» деді дереккөз.

Әрине, Сарыағаш медресесіндегі былық-шылықты, балалар құқығының аяқасты болуы жөніндегі әңгімені айтып тауыса алмаспын.

Сондықтан балалар құқығын қорғайтын мемлекеттік органдар Оқу-ағарту министрлігімен бірлескен комиссия құрып, Сарыағаш медресесінде болып жатқан келеңсіздіктің ақ-қарасын анықтап, тиісті шара қолдануы қажет» деп жазады журналист.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.